Қазақ ән өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның Еңбек ері, композитор Ілия Жақановтың 90 жылдық мерейтойына арналған «Еділ мен Жайық» атты облыстық дуэттер байқауы «Жалын» мәдениет үйінде өтті.

Саз бен сырдың, әуен мен әсемдіктің мерекесіне айналған байқауға облыстың түкпір-түкпірінен келген сегіз жұп қатысып, өнер көгінде өз жұлдыздарын жарқыратуға талпынды. Қатысушылар бірінші кезеңде Ілия Жақановтың жүрекке жол тапқан сыршыл әндерін орындаса, екінші кезеңде қазақ композиторларының алтын қорына енген туындыларын шеберлікпен жеткізді.

Кеш шымылдығы Ардагерлер арасындағы облыстық ән фестивальдерінің лауреаты «Дәстүр үні» әжелер ансамблінің орындауындағы «Оралдың ескі самалы» әнімен ашылды. Әжелердің әуелете салған әсем әні көрермендерді бірден ерекше әсерге бөлеп, кештің көркін қыздыра түсті.

Байқау барысында сахна төрінде қалықтаған әндер көрермен көңілін тербеп, қазақ музыкасының бай мұрасы тағы бір мәрте дәріптелді. Әр жұп өз өнерімен ерекшеленіп, орындаушылық шеберліктерін паш етті. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде атыраулық өнерпаздар Айгерім Жақсылыққызы мен Гүлзада Аманжолқызына табысталды. Сахна мәдениеті мен вокалдық үйлесімділігімен дараланған дуэт көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Жүлделі бірінші орынды Рза Сансызбайқызы мен Нұргүл Жұмағалиева иеленсе, екінші орын Индер ауданынан келген Мұратбек Жұмашев пен Әсемгүл Дүйсенғалиеваға бұйырды. Ал үшінші орын ауданымыздың намысын абыроймен қорғаған Айдана Әлібекқызы мен Алхам Русланұлына, сондай-ақ жылыойлық өнерпаздар Әсет Дүйсембайұлы мен Гаухар Бағытқызына берілді.

Өнер мерекесінің соңында барлық қатысушыларға Алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табысталып, ән мен әуенге толы әсерлі кеш көрермендердің ыстық қошеметімен түйінделді.

Ілия Жақановтың мол мұрасын ұлықтаған бұл байқау қазақ ән өнерінің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеп, таланттарға қанат бітірген тағылымды шара ретінде есте қалды.
Жұлдыз СЕМБИЕВА

