Аққыстау ауылындағы №140 референдум учаскесінде алғаш рет дауыс берген жастардың бірі – егіз азаматтар Айболат пен Нұрболат Абат. Жас сайлаушылар ел өміріндегі маңызды саяси науқанға қатысып, өз таңдауларын жасап, азаматтық белсенділіктің үлгісін көрсетті.
Айболат пен Нұрболат – Атырау қаласындағы Саламат Мұқашев атындағы жоғары политехникалық колледжінің 4-курс студенттері. Болашақ мұнай саласының мамандары саналатын жас жігіттер бүгінгі референдумға қатысуды өздерінің азаматтық борышы деп санайтынын айтады.
Маңызды саяси науқанға алғаш рет қатысып отырған егіз студенттер үшін бұл күн ерекше әсер қалдырды. Ел болашағына қатысты шешім қабылдауға өз үлестерін қосқан олар бұл сәтті үлкен жауапкершілікпен қабылдағандарын жеткізді.
– 18 жасқа толғаннан кейін өзімізді ересек сезініп, дауыс бергенімізге қуаныштымыз. Өз таңдауымызды жасағанымызға ризамыз. Болашақта елімізде бірқатар оң өзгерістер болады деп сенеміз,-деді Айболат Абат.
Алғаш рет дауыс берген жас сайлаушыларды №140 референдум учаскесінің мүшелері арнайы құттықтап, естелік сый-сияпат табыс етті.
Бұл – жастардың елдің қоғамдық-саяси өміріне бейжай қарамай, мемлекет тағдырына қатысты маңызды шешімдерге белсенді түрде қатысып келе жатқанын көрсетеді. Егіз студенттердің бұл қадамы қатарластарына үлгі болып, азаматтық жауапкершіліктің маңызын айқындай түсті.

