Эко-челлендж нәтижесінде түлектер 123 көшет екті

 

Биыл мектеп бітіруші түлектер үшін соңғы қоңырау – тек қоштасу сәті ғана емес, елге, жерге деген алғысын білдіретін маңызды кезеңге айналып отыр. Өйткені «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында республика көлемінде «Түлектердің ағаш егу» эко-челленджі кеңінен қолға алынып, бұл бастамаға еліміздің әр өңіріндегі мектеп бітірушілер белсенді түрде атсалысуда. Игі үрдіс Исатай ауданында да лайықты жалғасын тапты.

 

 

Аудан бойынша биыл он бір мектептің 302 түлегі үлкен өмірге жолдама алғалы отыр. Мектеп қабырғасымен қош айтысар сәт жақындаған сайын олардың жүрегінде толқу мен үміт қатар өрілген. Алайда бұл толқыныс тек мерекелік көңіл күймен шектелмей, нақты іспен көрініс тапты. Аудан көлемінде ұйымдастырылған эко-челлендж нәтижесінде түлектер 123 көшет отырғызып, туған жердің көркеюіне өз үлестерін қосты.

 

 

Аталған бастаманың жүзеге асуын көзбен көру үшін біз аудан орталығындағы Аққыстау орта мектебіне арнайы бардық. Мұнда да игі іс ерекше ықыласпен ұйымдастырылған. Биыл бұл білім ордасының қырық тоғызыншы түлектері мектеп бітіруге дайындалуда. Үш бірдей 11-сыныпта білім алатын 60-қа жуық оқушы мектеп ауласына жиналып, көшет отырғызды. Әр тал – олардың балалық шағы өткен алтын ұяға деген құрметі мен алғысының белгісіндей.

 

 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның басты мақсаты – жас ұрпақты табиғатты қорғауға жұмылдыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға тәрбиелеу. Расында да, бұл тек ағаш отырғызу ғана емес, болашаққа деген жауапкершілікті сезінудің нақты көрінісі.

 

 

Жалпы, елімізде жарияланған «Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік айы» аясында да мазмұнды шаралар көптеп ұйымдастырылуда. «Халықаралық балалар кітабы күні», «Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні», «Ұлттық кітап күні» сынды атаулы даталармен сабақтасқан бастамалар жас ұрпақты білімге, рухани құндылықтарға, жауапкершілік пен қайырымдылыққа баулуда.

Сонымен қатар «Табиғатқа қамқорлық жасаймыз» акциясы аясында мектеп аумақтары мен қоғамдық кеңістіктерде тазалық жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Саябақтар мен скверлердегі сенбіліктер – экологиялық мәдениеттің нақты қалыптасып келе жатқанының айқын дәлелі.

 

 

Аққыстау орта мектебінің 11-сынып оқушысы Еркебұлан Жұмажан үшін бұл күннің орны ерекше.

– Бүгін өзім білім алған мектебімде із қалдыру, табиғатқа титтей де болса пайда келтіру – мен үшін үлкен қуаныш. Ертең осы ағаштар жайқалып өссе, біздің де қолтаңбамыз қалғандай сезіледі,-дейді ол.

 

 

Иә, бүгін егілген әрбір көшет – ертеңгі саялы бақтың бастауы. Ал сол бақта бүгінгі түлектердің балалық шағының ізі мен туған жерге деген сүйіспеншілігі мәңгі жасыл күйінде сақталары сөзсіз.


Е.ЗИНЕДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT