Ел болашағы үшін еркін таңдау жасалды

Елдің саяси өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі – республикалық референдум Исатай ауданында жоғары ұйымшылдықпен өтті. Бұл күн аудан тұрғындарының ел болашағына бейжай қарамайтынын, мемлекет дамуына қатысты маңызды шешімдерге жауапкершілікпен қарайтынын айқын көрсетті. Таңертеңнен бастап дауыс беру учаскелеріне ағылған тұрғындардың белсенділігі халықтың саяси мәдениетінің өсіп, азаматтық ұстанымының нығайып келе жатқанын аңғартты.

Таңғы сағат 7:00-де басталған дауыс беру кешкі 20:00-ге дейін жалғасып, аудан тұрғындарының азаматтық белсенділігі айқын көрінді. Исатай ауданында республикалық референдумға тұрғындар белсенді қатысып, ел болашағына қатысты маңызды саяси науқанға жауапкершілікпен атсалысты.

Аудан бойынша 15 референдум учаскесі жұмыс жасап, онда 15 478 дауыс беруші азамат тіркелген. Дауыс беру процесінің ашық әрі заң талаптарына сай өтуін қамтамасыз ету мақсатында 150 тәуелсіз байқаушы бақылау жүргізді. Байқаушылар дауыс беру барысын қадағалап, референдумның әділ әрі ашық өтуіне үлес қосты. Учаскелерде барлық ұйымдастыру шаралары талапқа сай жүргізіліп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалды.

Саяси науқан күні аудан орталығы Аққыстау ауылында тұрғындардың учаскелерге еркін жетуі үшін үш бағыт бойынша тегін маршруттар ұйымдастырылды. Қоғамдық көліктер Өркен, Қаратүбек және Сельхоз шағын аудандары бағытында қатынап, тұрғындардың дауыс беру учаскелеріне баруына мүмкіндік берді. Бұл бастама халықтың белсенді қатысуына оң ықпал етті.

Сондай-ақ, денсаулығына немесе жас ерекшелігіне байланысты учаскеге келе алмайтын азаматтарға да жағдай жасалды. Аудан бойынша үйден дауыс беруге 363 тұрғын өтініш білдіріп, олардың барлығының өтініші қабылданып, арнайы комиссия мүшелері арқылы дауыс беру ұйымдастырылды. Бұл – әрбір азаматтың конституциялық құқығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды шаралардың бірі.

Референдум күні учаскелерге ауданның түрлі сала өкілдері келіп, өз азаматтық ұстанымдарын білдірді. Солардың қатарында Қазақстанның параспортшысы, қол күресінен халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін чемпионы Аслан Хайрушев те дауыс беріп, ел болашағына қатысты маңызды науқанға өз үлесін қосты. Сонымен қатар ауданның белсенді жастары, спортшылар, кәсіпкерлер, халық қалаулылары, қоғамдық ұйым мүшелері мен түрлі клубтардың өкілдері де референдумға белсенді қатысты.

Аудан тұрғындарымен қатар өзге ұлт өкілдері де саяси науқаннан шет қалмай, референдумға белсенді түрде қатысып, өз таңдауларын жасады. Бұл Исатай ауданында түрлі этнос өкілдерінің татулығы мен бірлігін, ортақ Отан алдындағы жауапкершілігін айқын көрсетті.

Мұнайлы өңір үшін маңызды саналатын вахталық әдіспен еңбек ететін азаматтар да саяси науқаннан тыс қалмады. Жұмыс кестесіне қарамастан, олар дауыс беру учаскелеріне келіп, азаматтық борыштарын орындады. Бұл – ел тағдырына бейжай қарамайтын азаматтардың жауапкершілігін көрсететін жарқын көрініс.

Учаскелерде еңбек ардагерлері мен түрлі салада ұзақ жыл қызмет еткен аға буын өкілдері де дауыс беріп, жастарға үлгі көрсетті. Ел дамуына өз еңбегімен үлес қосқан ардагерлердің белсенділігі қоғамдағы сабақтастық пен азаматтық жауапкершіліктің маңызын айқындай түсті.

Референдум күні учаскелерге отбасымен келіп дауыс берген тұрғындар да аз болған жоқ. Кейбір азаматтар үшін бұл күн ерекше есте қалды. Солардың қатарында туған күнімен тұспа-тұс келген тұрғындар да бар. Олар мерейлі күнінде алдымен дауыс беру учаскесіне келіп, азаматтық парыздарын орындады.

Референдум күні аудан тұрғындары үшін тек саяси науқан ғана емес, ұлттық дәстүр мен бірліктің көрінісіне айналған күн болды. Ауданда Амал – көрісу күніне арналған шаралар ұйымдастырылып, тұрғындар бір-бірімен көрісіп, ақжарма тілектерін білдірді. Сонымен қатар ауыл орталығында жәрмеңке өткізіліп, жергілікті өнімдер тұрғындарға ұсынылды.

Мерекелік шаралардың сәнін келтірген әжелер ансамблі халық әндерін шырқап, көпшілікке ерекше көңіл күй сыйлады. Ән мен шаттыққа толы бұл сәттер ауыл тұрғындарының бірлігін айшықтап, ұлттық рухты көтере түсті.

Бұл күн аудан үшін тағы бір қуанышты жаңалықпен есте қалды. Исатай аудандық ауруханасының перзентхана бөлімінде сәби дүниеге келді. Жаңа өмірдің басталуы – болашаққа деген сенім мен үміттің белгісі. Сондықтан бұл оқиға референдум күнімен тұспа-тұс келіп, тұрғындар үшін ерекше символдық мәнге ие болды.

Жалпы, ауданда республикалық референдум ұйымдасқан түрде, жоғары белсенділікпен өтті. Таңғы сағаттан кешке дейін тұрғындар өз таңдауларын жасап, ел болашағына қатысты маңызды шешімге үлес қосты. Тегін маршруттардың ұйымдастырылуы, үйден дауыс беру мүмкіндігі, түрлі сала өкілдерінің қатысуы, ұлттық дәстүрмен ұштасқан мәдени шаралар – барлығы аудан тұрғындарының бірлігі мен азаматтық жауапкершілігін айқын көрсетті.

Сондықтан бұл күн Исатай ауданының қоғамдық өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі ретінде есте қалары сөзсіз.

 

Ж.МАНСЫРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT