Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауында Исатай аудандық сотының төрағасы Мерлан Құсайынов пен аудандық сот судьясы Әбусағат Мансұров №140 сайлау учаскесіне барып, өз таңдауларын жасады.
Ел өміріндегі маңызды саяси науқанға қатысқан сот өкілдері азаматтық ұстанымдарын білдіріп, дауыс берді. Бұл – әр азаматтың Конституциялық құқығын жүзеге асыруымен қатар, ел болашағына бейжай қарамайтынын аңғартатын жауапты қадам.

№140 сайлау учаскесінде 1226 дауыс беруші тіркелген. Таңғы сағаттардан бастап учаскеге келген тұрғындар өз таңдауын жасап, сайлау барысына белсенділік танытуда.
Сот саласының мамандары үшін заң мен жауапкершілік ұғымдары кәсіби қызметтің ғана емес, азаматтық ұстанымның да негізі. Осы тұрғыдан алғанда, сайлауға қатысу – заңмен берілген құқықты пайдалану ғана емес, елдің қоғамдық-саяси өміріне араласудың нақты көрінісі.
Аудандық сот төрағасы Мерлан Құсайыновтың айтуынша, әр азаматтың таңдауы маңызды. Сайлау арқылы халық өз пікірін білдіріп, елдің алдағы даму бағытына қатысты ұстанымын көрсетеді.
Ал судья Әбусағат Мансұров та азаматтық белсенділіктің маңызын атап өтіп, әр адамның сайлау құқығын пайдаланып, өз таңдауын жасауы елдік жауапкершіліктің белгісі екенін жеткізді.
Құрылтай депутаттарын сайлау – қоғамдағы түрлі көзқарастар мен ұсыныстардың тоғысып, елдің болашағына қатысты ортақ шешім қалыптастыратын маңызды саяси үдеріс. Сондықтан сайлау учаскесіне келіп, дауыс беру – әр азаматтың өз таңдауын білдіруімен қатар, мемлекет дамуына қосқан үлесі.
Заң үстемдігін қамтамасыз ету жолында қызмет етіп жүрген қос судьяның да сайлауға қатысып, елдік таңдау жасауы – азаматтық жауапкершіліктің жарқын көрінісі.



