Исатай ауданында өтіп жатқан Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына қатысты жалпыұлттық референдумға шекара қызметкерлері де белсенді қатысуда. Зинеден ауылдық округіндегі Ю.Гагарин атындағы орта мектепте орналасқан №136 референдум учаскесінде Исатай батыр атындағы шекара заставасының әскери қызметшілері арнайы келіп, өз таңдауын жасады.
Ел шебін күзетіп, мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген шекарашылар маңызды саяси науқаннан шет қалмай, азаматтық ұстанымдарын білдірді. Олар белгіленген учаскеге келіп, референдумға қатысып, дауыс берді.

– Бүгін біз үшін маңызды күн. Әскери қызметші ретінде еліміздің тыныштығын қорғаумен қатар, ел болашағына қатысты маңызды шешімдерге де өз үлесімізді қосу – үлкен жауапкершілік. Сондықтан жалпыұлттық референдумға қатысып, өз таңдауымды жасадым. Бұл – әрбір азаматтың азаматтық парызы деп есептеймін, – деді сарбаз Бекзат Жардемов.

Шекара қызметкерлері мұндай елдік маңызы бар шараларға қатысу – әрбір азаматтың жауапкершілігі екенін атап өтті. Бүгінгі референдумға қатысу арқылы олар ел болашағына қатысты маңызды шешімге өз үлестерін қосты.

