1992 жылы 4 маусымда енді ғана егемендігіне қол жеткізіп, еркіндік алған елімізде ерекше тарихи оқиға болды. Ол осы күні Қазақстанның мемлекеттік рәміздерінің қабылдануы еді. Сөйтіп ел тарихына тағы бір ерекше бет қатталды. Өйткені еліміз енді ғана еншілеп жатқан бұл елдік белгілердің тұтас еліміз үшін мәні мен маңызы ерекше еді. Олай деуімізге себеп, мемлекеттік рәміздер – мынау жер-жаһандағы өзге жұрт арасында белгілі бір елдің өзіндік өмір салтын, тіршілік болмысын, арман-мұратын, көршілес елдермен қатынасын білдіретін ерекше белгілер екендігі. Сөйтіп, өткен ғасырдың 90-жылдары Қазақстан Республикасының Елтаңбасы, Туы, Әнұраны әлемдік рәміздер каталогына еніп, халықаралық қауымдастықта мойындалды.
Содан берідегі уақыт керуенінде Тәуелсіз Қазақстанның елдік белгілері Әнұранымыз бен Елтаңбамыз, Туымыз түрлі жаһандық шараларда ел көзіне ерекше түсті. Талай жеңісті сәттерде Әнұранымыз әуеледі, Туымыз көкке көтерілді, Елтаңбамыз ерекше бедерленді. Осы бір сәттерде тек отандастарымыз ғана емес, қаны қазақ өзге мемлекеттер азаматтары, тілеулес, ниеттес барлық жұрт қуана қол соқты оған. Осылайша Отанымызға, елімізге, жерімізге, халқымызға деген құрметтің бәрі әуелі осы елдік белгілерімізге ерекше құрметтен бастау алып жатты.
Бүгінде бүкіл дүние осылай мойындаған елдік белгілерімізге деген ерекше назар оған көрсетілер құрметтен, оны қолданудағы міндеттен анық аңғарылатын болғанына көз жете түсті. Мәселен, мемлекеттік рәміздер орналасуында Ту, Елтаңба, Әнұран ретімен бірдей көлемде болуы керек. Мемлекеттік Елтаңба мемлекеттік органдардың, ұйымдардың веб-сайтында, мөрлері мен құжат бланкісінде, маңдайша атауында, қызметтік куәліктерде міндетті түрде орналастырылады. Еліміздің Әнұраны мемлекеттік мерекелерде, сондайақ, өзге де салтанатты іс-шараларға арналған жиналыстар мен мәжілістердің салтанатты ашылуы кезінде, спорттық іс-шараларда, білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылының ашылу және оқу жылының аяқталу рәсімдері кезінде орындалады. Сондай-ақ, мемлекеттік Туды салтанатты жағдайда көтергенде мемлекеттік Әұран орындалады, бұл ретте салтанатқа қатысушылардың барлығы да жүздерін Туға қарай бұрады.
Жалпы, мемлекеттік рәміздер – кез келген мемлекеттің тәуелсіздігі мен егемендігін білдіретін басты нышандар. Мәселен, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк Туы – көгiлдiр түстi тiк бұрышты кездеме. Оның ортасында арайлы күн, күннiң астында қалықтаған қыран бейнеленген. Ағаш сабына бекiтiлген тұста — ұлттық оюлармен кестеленген тiк жолақ өрнектелген. Күн, арай, қыран және оюөрнек — алтын түстi. Тудың енi ұзындығының жартысына тең. ҚР мемлекеттік туының авторы - суретшi Шәкен Ниязбеков. Бiрыңғай көк-көгiлдiр түс төбедегi бұлтсыз ашық аспанның биiк күмбезiн елестетедi және Қазақстан халқының бiрлiк, ынтымақ жолына адалдығын аңғартады. Бұлтсыз көк аспан барлық халықтарда әрқашан да бейбiтшiлiктiң, тыныштық пен жақсылықтың нышаны болған. Геральдика (гербтану) тiлiнде - көк түс және оның түрлi реңкi адалдық, сенiмдiлiк, үмiт сияқты адамгершiлiк қасиеттерге сай келедi. Ежелгi түркi тiлiнде “көк” сөзi аспан деген ұғымды бiлдiредi. Көк түс түркi халықтары үшiн қасиеттi ұғым. Түркi және әлемнiң өзге де халықтарындағы көк түстiң мәдени-семиотикалық тарихына сүйене отырып, мемлекеттік тудағы көгiлдiр түс Қазақстан халқының жаңа мемлекеттiлiкке ұмтылған ниеттiлегiнiң тазалығын, асқақтығын көрсетедi деп қорытуға болады. Нұрға малынған алтын күн тыныштық пен байлықты бейнелейдi. Күн - қозғалыс, даму, өсiп-өркендеудiң және өмiрдiң белгiсi. Күн - уақыт, замана бейнесi. Қанатын жайған қыран құс - бар нәрсенiң бастауындай, билiк, айбындылық бейнесi. Ұланбайтақ кеңiстiкте қалықтаған қыран ҚР-ның еркiндiк сүйгiш асқақ рухын, қазақ халқының жан-дүниесiнiң кеңдiгiн паш етедi. Жалпы айтқанда, Ту, Елтаңба және Әнұран халықтың тарихын, мәдениетін және ұлттық бірегейлігін айқындайды. Сондықтан мемлекеттік рәміздерге ұқыпты қарау – әр азаматтың азаматтық борышы әрі елге деген құрметін танытар тірлік десек жарасады.
Қазақстанда мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету мәселесі заңмен де бекітілгені белгілі. Қылмыстық кодексте мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін жауапкершілік белгіленген. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 317-бабында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін қорлау – бір мыңнан екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға немесе бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады» делінген.
Елімізде жыл сайын маусымның 4-і – Мемлекеттік рәміздер күні ретінде аталып өтіп келеді. Бұл күні білім беру мекемелерінде, мемлекеттік ұйымдарда және қоғамдық орындарда патриоттық іс-шаралар ұйымдастырылуы да берік дәстүрге енген. Мұндай шаралар азаматтардың ел нышандарына деген жауапкершілігін арттыруға бағытталғандығы айтпаса да түсінікті.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын мемлекеттік рәміздерге арналған мыңнан астам мәдени және тәрбиелік іс-шара өткізіледі екен. Сонымен қатар, жастар арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнамалар нәтижесінде респонденттердің шамамен 78 пайызы мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету патриоттық тәрбиенің маңызды бір бөлігі саналатынын атап өткен. Бұл қоғамда ұлттық нышандардың маңызы жоғары екенін көрсететін бір мысал.
Қорыта айтқанда, мемлекеттік рәміздер – елдің тәуелсіздігі мен бірлігін білдіретін маңызды белгілер. Оларға құрметпен қарау – әр азаматтың парызы. Өйткені рәміздерге деген құрмет – елге деген құрметтің айқын көрінісі.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР


