Жеңіс күні – ел тарихындағы ең қастерлі мерекелердің бірі. Бұл күн сұрапыл соғыс жылдарында майдан үшін еңбек етіп, тылдағы ауыртпалықты қайыспай көтерген жандардың жанқиярлығын еске салатын ерекше дата. Сол буынның табандылығы мен төзімі бүгінгі бейбіт өмірдің негізіне айналды. Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай ауданымызда тыл ардагерлеріне құрмет көрсету шаралары жалғасуда. Соның аясында аудан басшылығы Жанбай ауылында тұратын тыл еңбеккері Есенгерей Тлепқалиевтің шаңырағына арнайы барып, мерекелік лебізін жеткізді.
Атырау облыстық мәслихатының депутаты Нұрлан Қайреденов пен аудан әкімі Нұрым Мусин ардагердің үйіне арнайы барып, мерекелік құттықтауын жеткізді. Содан соң көпті көрген қарияға «Зерде» дәріханасынан 150 мың теңгелік сертификат табыстаса, облыстық мәслихат депутаты Sulpak техника дүкенінен дәл осындай көлемдегі қаржылай сертификатты сыйға тартты. Бұл – тыл ардагерінің ел алдындағы еңбегіне көрсетілген шынайы құрметтің белгісі.

Ардагердің денсаулығына байланысты сый-сияпаттарды келіні Жансұлу Қалисова қабыл алып, отбасы атынан алғысын білдірді.
– Жыл сайын арнайы келіп, атамызды ұмытпай құрмет көрсетіп жүргендеріңіз біз үшін үлкен қуаныш. Осындай ықылас қариялардың көңілін көтеріп, өткен еңбегінің еленгенін сезіндіреді. Атамыз әрдайым ел тыныштығын тілеп, кейінгі ұрпақтың бейбіт өмір сүргеніне шүкіршілік айтып отырады,-деді ол.
Шынында соғыс жыл-дарының ауыртпалығын көрген буын бейбіт өмірдің қадірін ерекше түсінеді. Аштық пен жоқшылықты, ауыр еңбек пен қиындықты бастан өткерген сол кездегі азаматтар елдің еңсесін түсірмей, тылдағы жұмыстың барлық саласында аянбай еңбек етті. Майдан шебінен алыс жүрсе де, олардың күнделікті еңбегі Жеңісті жақындатуға қызмет етті.
96 жастағы Есенгерей Тлепқалиев – сол буынның тағдырлы өкілдерінің бірі. Ол бұрынғы Новобогат ауданына қарасты Манаш ауылында дүниеге келген. Соғыс жылдары еңбек майданының бел ортасында жүріп, тыл жұмыстарына белсене араласқан. Ұзақ жылдар бойы ауданның сауда саласында еңбек етіп, жұмысшылар кооперативін басқарды. Саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған ардагердің өмір жолы – тұтас бір кезеңнің көрінісі.

Бүгінде аудан бойынша ресми тіркелген 56 тыл ардагері бар. Уақыт өткен сайын олардың қатары сиреп келеді. Сондықтан әрбір ардагердің амандығы мен өнегелі ғұмыры кейінгі ұрпақ үшін аса қымбат. Олар – тарихтың тірі куәсі, кешегі қиындық пен бүгінгі бейбіт күннің арасын жалғап тұрған алтын көпір.
Қазіргі қоғамда жастар тәрбиесі, отансүйгіштік, ұлттық сана туралы жиі айтылады. Мұндай құндылықтарды дәріптеуде тыл ардагерлерінің өмір жолының орны ерекше. Себебі олардың тағдыры – еңбекке адалдықтың, сабыр мен төзімнің, елге қызмет етудің нақты үлгісі. Жеңіс мерекесінің маңызы да осында. Бұл – тек салтанатты шара өткізетін күн емес, ел үшін еңбек еткен жандарды еске алып, олардың алдындағы азаматтық парызды сезінетін күн. Өткенге құрмет көрсетілген жерде ғана болашаққа деген сенім нығая түседі. Тылда тер төгіп, Жеңістің жақындауына үлес қосқан жандардың еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Оларға көрсетілген құрмет – тарихқа тағзым мен елдік сананың айқын көрінісі.
Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

