Ерікті болу - жүректің ісі

 

Еріктілер – өз жан қалауларымен, шын ниеттерімен адамдарға көмек қолын созатын, өзгенің мәселесін өз ісіндей көретін жүрегі кең, ниеті дұрыс жанашыр жандар. Сонымен қатар туып-өскен жеріне, Отанына деген махаббатын өз көмегі арқылы білдіреді. Осылайша азаматтық қоғамның дамуына атсалысады. Еріктілік – қайтарымсыз жақсылық жасау әрі ең сауапты іс. Қазақтың қанында бар қасиет ұрпақтың жадынан ешқашан өшпейді. Қолда барымен бөлісу, өзгеге көмектесу де адамшылықтың, кісіліктің көрінісі. Осы ретте Х.Ерғалиев ауылындағы мешіт жамағаты тек діни құлшылықпен ғана емес, сонымен қатар қайырымдылық пен еріктілік жұмыстарымен де белсенді айналысып келеді. 

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, ел аузында жүрген осындай ерікті жастарға ауыл тұрғындары дән риза. Жұртшылық олардың қайырымды істерін жоғары бағалап, әрдайым алғысын білдіріп жатады. Қоғамдағы жанашырлық пен мейірімділіктің жақсы үлгісін көрсетіп жүрген бұл азаматтардың еңбегі көпке үлгі. Біз осындай игі бастаманың ұйытқысы болып жүрген Қамысқала мешітінің имамы Азамат Аухатұлымен байланысып, еріктілер тобының жұмысы жөнінде әңгімеге тарттық.

 

 


«Кең болсаң, кем болмайсың» деп айтып кеткен дана бабамыз жомарттықтың қайырымы тек қана жақсылық екенін әуел бастан білген. Сол сөзімізге дәлел болған Қамысқала мешіті жамағаты жанынан құрылған «Мыңтөбе» еріктілер тобы қайырымдылық бағытында түрлі жұмыстар атқарып, 2022 жылдан бас-тап осы күнге дейін ерікті түрде ауыл тұрғындарына көмектесіп, алғысын алып жүр. Олар осыған дейін тек Қамысқала ауылы тұрғындарына көмек қолын созса, қазір аудандағы басқа да елді мекендердің тұрғындарына көмектесуде. Еріктілер тобының мақсаты - әлеуеті аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты ана мен қарияларымыздың тұрмыстық жағдайына көмектесу. Одан бөлек қоғамдық істерге де атсалысып жүр. Бұның бәрі мешіт имамы Азамат Аухатұлы бізбен әңгімесі барысында тілге тиек еткен жайттар. 

 

 


–Еріктілік – әрбір адамның белсенділігін арттырып қана қоймай, өмірлік тәжірибелерді жинақтауға, әлемді басқа қырынан танып, мол сауап жинап, бос уақытты пайдалы әрі тиімді өткізуге мүмкіндік беретін бірден-бір жол. Сол себепті де, еріктілікке жұмсалған уақыт адами прогрестің бастауы болмақ. Бұл игі бастаманы жамағат жиналғанда «қолымыздан келгенінше ауылдасқа көмек көрсетсек қалай болады» деген сауалды оймен өзім айтқан едім. Әрине бәрі бірден қолдап кетті. Бұндағы ойым - ауыл жас-тарын ерікті түрде еңбекке баулып, қайырымдылықты насихаттау. 
Қазір барынша, қолдан келгенінше көмектесіп келеміз. Нақты өзара сайланған 20 ер-азамат бар. Қалғаны ерікті түрдегі мешіт жамағаттары мен ауылымыздың жастары. Әйел адамдар да бар. Бірақ олар үйдің ішкі тазалығы сияқты істер бағытында жүреді. Көмекке мұқтаж жандарды өзіміз аралап, іздейміз. Мешітіміздің көлігімен керек-жарақтарын алып көмектесеміз. Жылға жоспар құрып, сол жоспарға сай қайырымдылық бағытындағы қызметімізді уақытылы жасап келеміз. Әуелгі жоспар «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген атаумен біз жалғызбасты қарияларымыздың ауласын тазалап, ескі шарбақтарын жөндеп, азық-түлік таратамыз. Сондай-ақ жыл сайын тамыз айында «Мектепке жол» акциясын ұйымдастырып, кем дегенде 20 отбасы балаларын оқу құралдарымен қамтамасыз етеміз. «Таза Қазақстан» акциясын да қолдап, ауылымыздағы Сахуаллин көшесіндегі футбол алаңын тазалап, жанкүйерлер отыратын орындықтарды сырлау жұмыстарын да жүргіздік. 2018-2025 жылдар аралығында әр жұма күні тегін нан таратуды дағдыға айналдырдық, ол ауылымыздағы «Бекзат», «Дастан», «Жандос» дүкендері арқылы жүзеге асып отырды. Қаржылай немесе материалдық көмекті осы еріктілердің ерікті түрде қосқан үлестерімен аламыз. Бұрынғы атауымыз «Иман жастары» еді, биылдан бастап «Мыңтөбе» еріктілер тобы деп өзгертілді, –дейді ол өз сөзінде.

 

 

 


Еріктілердің ерекше қызметін қоғамда дамыту үшін ондағы бірқатар түйткілдердің түйінін тарқату керек. Қоғам волонтерлер туралы өте аз ақпараттандырылған, сондықтан да мұндай қызметке атүсті қарайтындар бар. Осыдан келіп волонтерлердің ел дамуындағы рөлі, еріктілікке ынталандыру, волонтерлік мәдениет туралы таным, түсінік қалыптаспағаны көрініс береді. Алайда ол еңбекті жоққа шығармай, игі істерге мұрындық болған жастарды қолдайтын ауыл жанашырлары да жетерлік. Солардың бірі ауыл тұрғыны Асхат Ахметов та ерікті жастардың бірлік пен бауырмалдықтың үлгісін көрсетіп жүргенін атап өтті.

 

 

 


–Азамат ініміз бастаған еріктілер тобы ауылымызда көптеген игі істер атқарып келеді. Олар спорттық жарыстар ұйымдастырып, қайырымдылық шараларын өткізіп, аз қамтылған отбасыларға азық-түлік таратып, халыққа жан-жақты қолдау көрсетуде. Сонымен қатар жалғызбасты қарттардың үйлеріне барып, шарбақтарын жөндеп, ауласын тазалап, қолдан келген көмектерін аямайды. Оны көзбен  көріп  те жүрміз. Мұндай сауапты істер ауыл тұрғындарына үлгі болып, бірлік пен бауырмалдықты нығайтуға зор ықпал етуде. Ауыл тұрғыны ретінде Азамат інімізге және еріктілерге шынайы ризашылығымды білдіремін. Игілікті істері жалғасын таба берсін, - деген шынайы тілектестігін білдірді.
Ерікті болу – ерлікпен тең. Ерекше қызмет  қоғамның өз ішінде дамып, кейіннен кең өріс тапты. Сондықтан оның одан әрі қанат жаюы сол қоғамның өзіне тікелей байланысты болмақ.

Жұлдыз СЕМБИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT