Ерлік рухы ұлықталған кездесу

 

26 сәуір – Чернобыль апаты құрбандарын еске алу күні. Биыл адамзат жадында қара таңба болып қалған бұл қасіретке 40 жыл толып отыр. Осы атаулы датаға орай Қамысқала ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен «Чернобыль: тарих пен ерлік тағылымы» атты кездесу – өткенге тағзым мен бүгінге сабақ ұштастырылған мазмұнды жиын болды.

1986 жылдың сәуіріндегі алапат жарылыс мыңдаған тағдырды талқандап, миллиондаған адамның өміріне көлеңке түсірді. Радиоактивті бұлттар шекара талғамай, кең аумақты шарпыды. Апат салдарын жою үшін Кеңес Одағы бойынша жүздеген мың адам жұмылдырылды. Солардың ішінде Қазақстаннан барған 32 мыңнан астам азаматтың ерлігі – ұлт жадындағы өшпес тағылым. Олар көзге көрінбейтін қауіппен бетпе-бет келіп, болашақ үшін жанқиярлық танытты.

Қамысқаладағы кездесу осы ерлікті ұлықтауға арналды. Іс-шара апаттың зардабын бейнелейтін бейнероликпен басталып, көрерменді сол кезеңнің ауыр ахуалына бірден енгізді. Бұл тәсіл тарихи шындықты құрғақ дерек емес, әсер арқылы жеткізудің тиімді жолы болды. Кездесудің негізгі өзегі – сыр-сұхбат форматындағы ашық әңгіме. Апат салдарын жоюға қатысқан жергілікті ардагерлер Алхам Губашев пен Данабай Тұқпашевтың естеліктері жиынға шынайылық дарытып, оның мазмұнын тереңдете түсті. Олардың сөзінен сол кезеңнің ауыр тынысы, жауапкершілік жүгі мен адамдық борыштың биіктігі анық аңғарылды. Әсіресе жүргізуші мен ардагерлер арасындағы диалог әсерлі өрбіді. Әр сұрақ өткеннің бір үзігін тірілткендей болып, естеліктердің шымылдығын біртіндеп ашты. Зал ішін үнсіздік кернеп, айтылған әр сөздің салмағы айқын сезілді.

Жиын барысында ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Орынбай Дәулетияров Чернобыль апатының маңызын бүгінгі күнмен байланыстыра атап өтті. Оның пікірінше, бұл – тек өткеннің қасіреті емес, болашаққа бағытталған ескерту. Мұндай оқиғалар ғылым мен техниканың қауіпсіздігіне деген жауапкершілікті қайта қарауға мәжбүр етеді.

Кездесу еркін пікір алмасумен жалғасып, жастар мен ауыл тұрғындары ардагерлерге өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Олар апат аймағындағы өмір, қауіп деңгейі мен психологиялық ауыртпалық туралы нақты жауап алып, тарихи оқиғаны тереңірек түсінуге мүмкіндік алды. Кездесу соңында Қамысқала ауылдық округі әкімінің атынан кештің арнайы қонақтары – қос ардагерге Алғыс хаттар табысталып, естелік сыйлықтар ұсынылды. Жиналған қауым ардагерлерге алғыс айтып, ақ тілектерін жеткізді.

Мұндай кездесулердің мәні – тек өткенді еске алуда емес. Олар тарихи жадты жаңғыртып, жас ұрпақтың бойында жауапкершілік пен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеді. Чернобыль – ұмытылмауы тиіс сабақ, ал одан алынған тағылым – қауіпсіз болашақтың кепілі.

 

Өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT