Еуропа кубогінің алтыны – Інжуде

 

Түркияның Анталья қаласының төрінде Қазақстанның көк байрағы тағы да желбіреді. 7-8 наурыз күндері өткен кадеттер арасындағы дзюдодан Еуропа кубогы өтіп, исатайлық жас спортшы, Зинеден ауылынан түлеп ұшқан Інжу Жұмажан алтыннан алқа тақты. Дүбірлі додаға әлемнің 21 мемлекетінен 550-ге жуық спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады.

Халықаралық деңгейдегі бұл жарыста «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының түлегі Інжу Жұмажан ел намысын абыроймен қорғап, тамаша нәтиже көрсетті. Ол 57 келі салмақ дәрежесінде татамиге шығып, қарсыластарының барлығын айқын басымдықпен жеңіп, Еуропа кубогінің жеңімпазы атанды.

Жерлесіміз  жарыс барысында төрт белдесу өткізді. Алғашқы кездесуінде грузиялық спортшы Ла Джеладзені жеңсе, екінші белдесуінде әзірбайжандық Смайна Юсуфлиді тізе бүктірді.  Жартылай финалда молдовалық Мария Расуды айқын басымдықпен ұтып, финалда отандасы Еркеназ Сембекті жеңіп, алтын медальді қанжығасына байлады.Осылайша жас спортшы жоғары шеберлігі мен қайсар мінезінің арқасында халықаралық аренада топ жарып, Қазақстанның көк байрағын биікте желбіретті.

 

 

Еске салайық, өткен жылы спортшымыз қыркүйек айында өткен  Индонезия астанасы Джакарта төрінде Азия чемпионы атанса, қазан айында өткен Бахрейннің Манама қаласында Азия құрлығының кіл мықтылары бас қосқан сәтте қола жүлде иеленді.

Қашанда ел намысын абыроймен қорғап, Еуропа кубогінің алтын жүлдесін иеленген Інжу Жұмажан жарқын жеңісімен ел мақтанышына айналды. Оның жеңісінде аға жаттықтырушысы Тұрар Ризуановтың еңбегі де зор. Спортшының әр қадамына бағыт-бағдар беріп, үлкен жеңістерге жетелеуде бапкердің қолтаңбасы айқын. Осылайша, Исатай топырағынан түлеп ұшқан Інжудің әр жеңісі – жас ұрпаққа шабыт, аудан спорты үшін үлкен абырой.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT