ФУТБОЛДАН ЖАЗҒЫ ЛИГА ОЙЫНДАРЫ БАСТАЛДЫ

         Ауданда футболдан кіші аяқдоп бойынша дәстүрлі жазғы лиганың шымылдығы түрілді. Аудан әкімдігінің қолдауымен және аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен бастау алған жарысқа 11 командадан 200-ден астам ойыншы қатысуда. Биыл төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған лиганы өткізуге арнайы әлеуметтік тапсырыс жарияланып, оның қорытындысы бойынша жобаны жүзеге асырушы ұйым ретінде «Жағымды жаңалық» қоғамдық қоры анықталды.

 

Лиганың алғашқы туры Қамысқала ауылдық округінде өтті. Ашылу салтанатына аудан әкімі Нұрым Мусин, аудандық мәслихат депутаты Асхат Жұмабекұлы, спорт ардагерлері, аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Айбатыр Бекішұлы, сондай-ақ аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ринат Есқали қатысты. Салтанатты шарада аудан әкімі жарыстың маңызына тоқталып, қатысушы командаларға сәттілік тіледі.

 

 

 

– Бұл жазғы лига – ауданымыздағы ең маңызды футбол додаларының бірі. Жыл сайын осы додаға деген қызығушылық артып, қарқыны күшейіп келеді. Оны жанкүййерлердің саны мен белсенділігінен анық байқауға болады. Биылғы жарыстың әлем чемпионатымен қатар өтуі де футболға деген қызығушылықты одан әрі арттыра түсті. Аудандағы лиганың басты ерекшелігі – жергілікті жастарға мүмкіндік беріліп, олардың тәжірибе жинақтауына жағдай жасалған. Дегенмен соңғы жылдары сырттан шақырылатын легионер ойыншылардың саны көбейіп барады. Бұл жергілікті футболшылардың дамуына белгілі бір деңгейде кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан әр командада бір ғана легионердің болғаны дұрыс деп есептеймін. Осындай жарыстарды көріп, ауылдардағы балалардың футболға қызығушылығы артып келеді. Қазірдің өзінде әр ауылда өз командалары мен жаттығатын топтары бар. Футболға деген қызығушылығым бала кезімнен басталған. Осы салада 40 жылдан астам уақыт балалармен жұмыс істеп, олардың спортқа келуіне үлес қосып жүрмін. Қазір де ардагерлер арасында футбол ойнап, сүйікті спортымнан қол үзген жоқпын,-дейді аудан тұрғыны, спорт ардагері Талғат Қожасов.

 


Лига ойындарын ауданның барлық ауылдық округінде өткізу жоспарланған. Тартысты кездесулер әр аптаның сенбі және жексенбі күндері ұйымдастырылып, екі ай бойы жалғасады деп күтілуде. Қазіргі таңда жарыстың алғашқы екі туры өз мәресіне жетіп, командалар арасындағы бәсеке қыза түсті. Ұйымдастырушылар әр турдың қорытындысы бойынша үздік ойыншыларды анықтап, арнайы марапаттап отырады. Ал лига соңында жеңімпаз және жүлдегер командалар қаржылай сыйлықтармен, кубоктармен, медальдармен және арнайы дипломдармен марапатталмақ.

 

 

Е.ЗИНЕДЕН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT