Елдің көсегесін көгертіп, өркениет көшінен табылуының бір тұтқасы ғылым екені әлімсақтан белгілі. Ал сол ғылымның бастауы білімде десек, білімнің баспалдағы мектептен бастау алып жатыр. Сондай білім ордаларының бірі, аудан тарихында алғаш ресми түрде ашылған – Жұмабай Мырзағалиев атындағы орта мектеп. Алдағы жылы іргетасы қаланғанына 110 жыл толады.
– Мектебіміздің тарихын баяндау-да осы мектептің ең алғаш есігін ашқан шәкірттерінің бірі, кейін саналы ғұмырының қырық жылға жуық уақытын осы және басқа мектептерде ұстаздық қызметке арнаған «Халық ағарту ісінің үздігі» марқұм Хұсниден Пазылұлының естелігіне сүйене отырып айтсам, білім ұясының негізі өткен ғасырдың 1917 жылының қараша айында Бегайдар елді мекенінде қаланған. Осы ауылдан жаңаша сауатын ашып, Гурьевтегі екі кластық орыс-қазақ училищесін бітіріп келген Тұқпашев Қален деген кісі өзі салдырған 15-20 бала оқитындай жерүйде мектеп ашқан екен. Сабақ басталатын күні осы мектепке келіп, алғаш ұстаз алдын көрген Ахметов Шәрен, Жұмағалиев Ғилым, Беркалиев Есжан, Құсынтаев Рахмет, Шақаев Нұғыман, Ғабдіров Елеукен, Хами, Ораз, Ғаббас, Ғабдрашит, Хамза, Ғаллам, т.б жиырмаға жуық бала болған. 1918 жылы көктемде ауыл адамдары жиналып, ақылдаса отырып, Бегайдар ауылынан оқуды коғамдық өнімді еңбекпен тығыз байланыстыра жүргізетін бірыңғай еңбек мектебін ашуға рұқсат етуді және оған екі кластық училищені бітірген Тұқпашев Қаленді оқытушы етіп бекітуді сұрап жоғарыға арыз берулі. Ол кезде, яғни 1917-1923 жылдары, кұм өңіріндегі ауылдар Орда облысы, Ганюшкино уезіне қарайтын. Ондағылар жергілікті халықтың бұл өтінішін қабыл алып, сол 1918 жылдың күзінде Бегайдар бірыңғай бастауыш мектебін ашуға шешім алып, рұқсат етті. Бұл осы Нарын құмы өңіріндегі ең алғаш ресми түрде ашылған мектеп болатын. Оған Тұқпашев Қален оқытушы болып келеді,-дейді мектеп тарихын зерттеп, зерделеп жүрген тарихшы ұстаз Ғұбайдолла Ахметжанов.
Тарихы осылай бастап түзілген бұл байырғы білім ордасы жайлы айтылар әңгіме көп. Біздің айтпағымыз, осынау мектепте білім алып, кейін халық шаруашылығының түрлі салаларында еңбек еткен, жетістіктерге жеткен еңбек озаттары, әдебиет, өнер, спорт салаларындағы жетістіктерімен елімізге танымал болған түлектері қатарында ғылым жолын таңдаған, соған еңбегі сіңген түлектердің аз болмағаны еді. Әрине, біз бұл тақырыпты қозғар сәтте біраз деректі дүниелерге де үңіліп көрдік, сондағы бір байқағанымыз осы білім ұясынан ұшып шығып, сол ғылым жолында тер төккендердің аз болмағаны болды.
Зер сала қарағанда олардың еліміздегі әр салада тер төгіп, ғылыми қызметімен сол саланың өсіп-өркендеуіне үлес қоса білуі – осынау мектепте ұстаздық еткен жандардың жан-жақты білім-білігінің молдығының да бір көрінісі десек болғандай. Солардың алдынан білім алғандар оқыған мектебінің, ауыл, ауданның, тұтас Атырау аймағының атын асқақтатты. Бір мақалада олардың бәрін түстеп, түгендеп шығу да мүмкін еместей.
Мәселен, 1942 жылы Тұщықұдық ауылында дүниеге келген Сатыбалды Хамзин білім ұясының елуінші жылдардың соңғы ширегіндегі түлектерінің қатарынан. 1964 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын бітірген ол 1964 -70 жылдары Гурьев облысының Обаға қарсы күрес стансасының Махамбет, Ембі аудандарындағы бөлімшелерінде дәрігер-эпидемиолог, 1971-81 жылдары Құлсары бөлімшесінің бастығы қызметтерін атқарды. 1982 жылдан бастап облыстық обаға қарсы күрес стансасы басшысы бола жүріп, 60-тан астам ғылыми еңбек жазды, екі монографиясын жариялады, медицина ғылымдарының докторы ғылыми атағын иеленді, «Құрмет белгісі» орденімен, «КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, Халықаралық «Гиппократ» медалімен марапатталды.
Ал мектептің 1962 жылғы түлектерінің бірі Қаршымбай Ахмедияров - белгілі күйші-домбырашы, композитор, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Алматы мемлекеттік консерваториясының халық аспаптар факультетін тәмамдаған ол 1967 жылдан Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінде домбырашы, концертмейстер болған. 1977 жылдан Алматы консерваториясында педагогикалық қызмет те атқара жүріп ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылданды, бірқатар ғылыми еңбектердің жетекшісі атанып, қазақ өнерінің өркендеуіне толайым үлес қосты.
Мектептің білім қуған шәкірттерінің бірі Бердіғали Дәулетқалиев осыннан 1966 жылы үлкен өмірге қанат қаққан-ды. Ол – инженер-құрылысшы, техника ғылымдарының кандидаты, 1971 жылы В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының өндірістік және азаматтық құрылыс факультетін бітірді, 1973 жылы Мәскеуден аспирантура тәмамдады. Аспирантураны ойдағыдай аяқтағаннан кейін Ресейдің Норильск қаласы маңындағы кен орнында «Ашық кен өндіру алаңын жер қыртыстарынан шығатын түрлі химиялық газдардан және ауыр техникалардан шығатын зиянды қоспалардан тазарту» атты өзінің кандидаттық еңбегін өндіріске енгізуді аяқтап, ғылыми атағын қорғап шықты. Жоғары оқу орнының студенттері үшін жазған екі оқулығы жарық көрген ғалым Алматы сәулет-құрылыс институтында оқытушы, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған.
1952 жылы Бегайдар ауылында дүниеге келген Ғизат Имашев аталған мектептің 1969 жылғы түлегі болатын. Ол - ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Білім беру ісінің үздігі (1994 ж), «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері (2005 ж), ҚР Білім министрлігінің Құрметті қызметкері. Гурьев педагогикалық институтын бітірген ол аталған жоғары оқу орнында физика-математика кафедрасының оқытушысы болып еңбек жолын бастап, декан, проректор жауапты қызметтерін атқарды. Еңбектері Германия, Иран, Болгария, Чехия, Ресей, Украина, Өзбекстан және басқа да мемлекеттердің баспасөзінде жарияланған Ғизатолла Имашұлы 165 ғылыми еңбектің авторы атанды.
1975 жылы аталған орта мектепті бітірген Өтепберген Бисенов те ғалым, биология ғылымдарының кандидаты, профессор. Ол Алматы зооветинститутын (1980 ж) және КСРО Ғылымдар академиясының Н.И.Вавилов атындағы Жалпы генетика ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын бітірген (1992 ж). Қазақ қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу және технологиялық институтының Батыс аймақтық филиалында кіші ғылыми қызметкер, Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық Ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аспиранты және кіші ғылыми қызметкері,1994 жылдан Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің оқытушысы, кафедра меңгерушісі, 2000-2005 жылдары жаратылыстану факультеті деканының орынбасары, 2012-14 жылдары ауыл шаруашылығы мамандықтары кафедрасының меңгерушісі, 2015-16 жылдары биология кафедрасының меңгерушісі, кафедраның ассоциацияланған профессоры қызметтерін атқарған.
Әрине біз әр саланың өкілдері ретінде тоқталған осындай ғылым ісіне берілген мектеп түлектерінің қатары аз емес, сондықтан да осынау білім ордасын ғалымдарды ұшырған ұялар қатарынан атауға толық болады. Кейінгі жылдарда да мектепті Алтын белгімен, Ерекше аттестатпен аяқтап, аппақ арманға қол созғандар баршылық. Олар да мектеп қабырғасында ғылыми жобалар жарысы мен пәндік олимпиадалардың облыстық, республикалық турының жүлдегерлері танылғандар. Педагогикалык ұжымы алдағы уақытта да «Қазакстандық дамудың басты кезеңі - білімді ұрпак қолында» ұстанымымен еңбектеніп, негізгі мақсат - мемлекеттік стандартқа сай білім беруді қамтамасыз етумен қатар білім сапасын көтеру, оқушылардың жеке шығармашылық қабілеттерін шыңдау, мұғалімдердің теориялық және әдістемелік шеберлігін арттыру, басқа да уақыт жүктеп, мезгіл талап еткен міндеттерді жүзеге асыруда табысты еңбектене беруді бағдар тұтқан білім ордасының шәкірттері арасынан әлі талай ғалымдар шығып, елге еңбек ете бермегі кәміл.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР


