Исатай ауданында «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Атырау өндірістік филиалының ұйымдастыруымен арнайы тактикалық оқу-жаттығу өткізілді. Іс-шараға 8 құрылымнан 45 маман мен 19 арнайы техника жұмылдырылды.
Оқу-жаттығу Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2017 жылғы 9 қазандағы №673 бұйрығымен бекітілген газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздігі талаптарына сәйкес жыл сайынғы жоспар негізінде ұйымдастырылды.

Жаттығу барысында «Көшеде газдың иісі шығуы» жағдайы шартты түрде модельденді. Жоспар бойынша Аққыстау ауылдық округіне қарасты Өркен ауылындағы Қ.Ихаров көшесінің тұрғыны газ иісінің шыққаны туралы хабар береді. Ақпарат түскен бойда Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызмет жедел әрекет етуші мекемелерді құлақтандырып, тиісті қызметтер оқиға орнына шұғыл жетті.

Оқу-жаттығу жоспарына сәйкес аумақ қоғамдық тәртіпті сақтау күштерімен қоршауға алынып, көлік қозғалысы реттелді. Тексеру нәтижесінде газ иісінің жер асты газ құбырындағы ақаудан шыққаны анықталды. Жедел апаттық топ қажетті шешім қабылдап, қалпына келтіру жұмыстарын уақытылы жүргізді.
– Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – газ шаруашылығы, коммуналдық қызметтер, төтенше жағдайлар органдары мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара іс-қимылды пысықтау. Мұндай шаралар төтенше жағдайлардың алдын алып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – дейді Исатай газ шаруашылығының директоры Жеңісбек Қабиев.

Нәтижесінде шартты апаттық жағдай сәтті жойылып, тұрғындарды үздіксіз газбен қамтамасыз ету міндеті толық орындалды. Оқу-жаттығу қатысушылардың кәсіби дайындығы мен үйлесімді іс-қимылын тағы бір мәрте көрсетті.
Жұлдыз Сембиева,
Сурет автордікі



