Жастардың белсенділігін арттырып, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған үкіметтік емес ұйымдардың мүмкіндігі бүгінде артып келеді. Әсіресе түрлі гранттық жобалар, тегін оқу бағдарламалары мен әлеуметтік бастамалар көптеген азаматқа жаңа жол ашуда. Осы мақсатта әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесу өтті.
Кездесу барысында қатысушыларға ҮЕҰның қоғамдағы рөлі, жұмыс бағыттары және беретін мүмкіндіктері туралы жанжақты ақпарат ұсынылды. Сонымен қатар, жобаларға қатысу, грант ұтып алу, өз идеясын жүзеге асыру жолдары кеңінен түсіндірілді. Жиында Ішкі саясат басқармасының Азаматтық орталығы КММнің аудандық жұмысты үйлестіру бөлімінің маманы Медет Насиханов үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы орны мен маңызын атап өтіп, бұл саланың бағыттары мен мүмкіндіктеріне кеңінен тоқталды.
Жиынға «B-elsendi» қоғамдық қорының төрағасы Дулат Шыманов, «Жарқыра» жобасының қатысушысы Назерке Құрмантайқызы және «Таңшолпан» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алтынай Тілекқызы қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Көпшілік назарын аударған әсерлі әңгімелердің бірі – Дулат Шымановтың өмірлік тәжірибесі болды. Оның айтуынша, алғашқыда қарапайым волонтерлік бастамадан басталған жұмыс кейін үлкен жобаға айналған.

– Үкіметтік емес ұйым ашқаныма алты жылға жуық уақыт болды. Алғашында тек волонтерлік топ құруды ойладық. Кейін заңды түрде ұйым ашып, осы саланың мүмкіндіктерін зерттей бастадық. Алғашында шағын қайырымдылық шараларын өткіздік. Кейін грант ұтып алып, ауыл жастарына арналған демалыс орнын аштық. Бұл жастардың бас қосып, уақытын тиімді өткізуіне жақсы мүмкіндік болды. Егер жақсы идея болса, оны жүзеге асыруға мүмкіндік көп. ҮЕҰ арқылы жоба жазуды, көшбасшылық пен кәсіпкерлік дағдыларын меңгеруге болады,-деді ол.
Кездесу барысында қатысушылар үкіметтік емес ұйымдардың қоғамға қызмет ететін маңызды құрылым екенін тереңірек түсінді. Еркін форматта өткен жиын жаңа идеяларға жол ашып, жастарды белсенді болуға ынталандырды. Осындай мазмұнды кездесулер азаматтық қоғамның дамуына серпін беріп, ел ішіндегі тың бастамалардың көбеюіне ықпал етеді.
Жұлдыз СЕМБИЕВА

