Аудан халқының негізгі күнкөріс көзі – мал шаруашылығы. Тіршілігін төрт түлікпен байланыстырған жұрт үшін әр малдың амандығы – табыстың да, тұрмыстың да кепілі. Алайда соңғы уақытта тіркелген жұқпалы ауру белгілері шаруаларды алаңдатып отыр. Ірі қара арасында инфекциялық ринотрахеит пен вирустық диареяның анықталуы аудан бойынша эпизоотиялық жағдайды жіті бақылауға алуға негіз болды.
Мамандардың өткен аптадағы мәліметіне сәйкес, аталған ауру белгілері 739 бас ірі қарадан анықталған. Ауру ошақтары Исатай, Зинеден, Жанбай ауылдық округтерінде және Аққыстау ауылдық округіне қарасты Томан елді мекенінде тіркелген. Қазіргі таңда ветеринариялық қызмет тарапынан індеттің таралуын шектеу, ауырған малдарды оқшаулау және емдеу бағытында кешенді шаралар қолға алынған. Сонымен қатар мамандар мал иелеріне сақтықты күшейтіп, әрбір түліктің жағдайын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін ескертіп отыр.
Міне, осыған байланысты Атырау облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Эльенора Даутбаева арнайы ауданға келіп, аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов бастаған жауапты мамандармен бірге Жанбай ауылдық округіндегі жағдаймен танысты. Жұмыс сапары барысында мамандар ауру тіркелген қора-жайларды аралап, малдың жағдайын бақылап, ветеринариялық емдеу және алдын алу шараларын пысықтады. Кездесу барысында індеттің таралу себептері мен оған әсер ететін факторлар жан-жақты талқыланып, қауіпті аймақтарда бақылауды күшейту қажеттігі айтылды. Мамандар әрбір ошақ бойынша нақты іс-қимыл жоспарын айқындап, дезинфекциялық жұмыстарды жүйелі жүргізу, ауырған малдарды дер кезінде оқшаулау және толық емдеу шараларын қатаң сақтау керектігін атап өтті. Сонымен қатар мал иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, аурудың алғашқы белгілерін дер кезінде анықтау мен ветеринар мамандарға жедел хабарлау маңызды екені ескертілді. Себебі індеттің өршуіне жол бермеу тек мамандардың ғана емес, әрбір шаруа қожалығының жауапкершілігіне де тікелей байланысты. Жауапты тұлғалар аудан аумағындағы эпизоотиялық жағдай толық бақылауда екенін жеткізіп, тиісті шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын атап өтті. Алдағы уақытта да мониторинг жұмыстары жалғасып, індеттің таралу қаупін барынша төмендету бағытында кешенді жұмыстар жүргізіле бермек.
Мамандардың жедел ұйымдастырылған жұмыстарының нәтижесінде бүгінгі күні 661 бас ірі қара толық емделіп, қалыпты тіршілігіне қайта оралған. Бұл – жүргізілген емдеу шараларының тиімділігін ғана емес, індеттің асқынуына жол берілмегенін де аңғартады. Қазіргі таңда 78 бас мал ем қабылдау үстінде. Олардың жағдайы ветеринариялық мамандардың тұрақты бақылауында. Ең маңыздысы – ауру салдарынан мал шығынының тіркелмеуі. Бұл – дер кезінде қабылданған алдын алу және емдеу шараларының нақты нәтижесі.
– Аурудың аумақтар бойынша таралуына келсек, ең күрделі жағдай Исатай ауылдық округінде байқалған. Мұнда 34 қорадағы 361 бас малдан ауру белгілері анықталып, індеттің негізгі ошағына айналды. Дегенмен, осы аумақта жүргізілген кешенді жұмыстардың арқасында барлық ауырған мал толық ем қабылдап, сауығып шықты. Бұл округте індеттің толық бақылауға алынуы – мамандардың үйлесімді іс-қимылы мен дер кезінде қабылданған шешімдердің жемісі.Томан елді мекенінде тіркелген жағдай да назар аударуды қажет етті. 8 қорадағы 67 бас малдан ауру белгісі анықталып, оның басым бөлігі – 65 басы толық емделді. Қалған 2 бас малға қатысты емдеу шаралары жалғасып, олар ветеринариялық бақылауда ұсталып отыр. Жалпы алғанда, аудан бойынша қалыптасқан жағдайды сараптай отырып, індеттің бақылауға алынғанын және жүргізіліп жатқан ветеринариялық шаралардың нәтижелі екенін айтуға болады,-дейді аудандық ветеринариялық стансасының басшысы Асланбек Шарипов.
Алайда бұл – қауіп толық сейілді деген сөз емес. Мамандар індеттің қайта таралу қаупі әлі де сақталатынын алға тартып, профилактикалық жұмыстарды әлсіретпеу қажеттігін ескертуде. Осыған байланысты қора-жайларда санитарлық тазалықты сақтау, дезинфекциялық шараларды жүйелі жүргізу, малды уақытылы тексерістен өткізу және күмәнді белгілер байқалған жағдайда дереу ветеринар мамандарға хабарлау басты талаптардың бірі болып қала береді. Себебі індетпен күресте тек мамандардың емес, әрбір мал иесінің жауапкершілігі шешуші рөл атқарады.
Жалпы аудандық ветеринариялық стансаның бізге берген мәліметіне сүйеніп, аудан бойынша эпизоотиялық ахуалды кеңінен саралап қарасақ, індеттің таралу ауқымы бастапқыда алаңдаушылық тудырғанымен, қазіргі таңда жағдайдың біртіндеп тұрақталып келе жатқанын байқауға болады. Ауру 102 жеке тұрғынның қорасында және үш бірдей шаруа қожалығында тіркелуі – індеттің тек жекелеген ошақтармен шектелмей, кең көлемде таралу қауіпі болғанын көрсетеді. Бұл өз кезегінде ветеринариялық қызметке үлкен жауапкершілік жүктеп, шұғыл әрі үйлесімді әрекет етуді талап етті. Мамандардың жедел ұйымдастырылған жұмыстарының нәтижесінде өткен аптадағы есеп бойынша 661 бас ірі қара толық емделіп, қалыпты тіршілігіне қайта оралған. Бұл – жүргізілген емдеу шараларының тиімділігін ғана емес, індеттің асқынуына жол берілмегенін де аңғартады. Қазіргі таңда 78 бас мал ем қабылдау үстінде. Олардың жағдайы ветеринариялық мамандардың тұрақты бақылауында. Ең маңыздысы – ауру салдарынан мал шығынының тіркелмеуі. Бұл – дер кезінде қабылданған алдын алу және емдеу шараларының нақты нәтижесі.
Жайна МАНСЫРОВА

