Індет ізі өшкен жоқ: төрт округтегі ахуал не дейді?

 

Ауыл тіршілігінің тамыры – төрт түлік. Ал сол тіршіліктің тынысын тарылтатын әрбір індет – тек ветеринариялық мәселе ғана емес, тұтас өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына төнген қауіп. Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап аудан аумағында дәл осындай алаңдатарлық ахуал тіркелді. Төрт бірдей ауылдық округте – Зинеден, Исатай, 17-бекет елді мекені мен Жанбайда мүйізді ірі қара малы арасында белгісіз сипаттағы сырқат белгілері байқалып, бұл жағдай мамандарды шұғыл әрекет етуге мәжбүр етті.

Алғашында ірі қараның ауыз қуысына жара шығуы, жем-шөпке тәбетінің болмауы секілді белгілер қарапайым сырқаттай көрінгенімен, оның астарында аса қауіпті жұқпалы індеттің жатқаны кейін анықталды. Ауру малдардан жедел түрде сынамалар алынып, еліміздегі жетекші ғылыми мекеме – Астана қаласындағы «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығы» ШЖҚ РМК-на жолданды. Зерттеу нәтижелері көп күттірмеді, төрт округтің малдарынан вирустық диарея мен инфекциялық ринотрахеит ауруларына «оң» нәтиже тіркелді. Бұл – індеттің жай ғана оқшау жағдай емес, жүйелі қауіпке айналғанының айқын көрінісі.

 

 

Осы күрделі жағдайға байланысты аудан әкімдігінде аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегеновтің төрағалығымен арнайы жиын өтті. Жиында мал ауруларының алдын алу, эпизоотиялық ахуалды тұрақтандыру және оны қатаң бақылауда ұстау мәселелері кеңінен қаралды.

«Бұл – ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы мен халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін өзекті мәселе. Сондықтан барлығымыз жұмыла әрекет етуіміз қажет», -деді жиынды ашқан әкім орынбасары.

Маңызды басқосуға аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дидар Есмұханов, аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Едіге Жұмағалиев және аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Зайынов, аудандық ветеринариялық станция директоры Асланбек Шарипов, аудандық фитосанитария бөлімшесінің бас маманы Абзал Серіков және ауылдық округтердің ветеринар дәрігерлері қатысты.

Күн тәртібінде көтерілген мәселелер де салмақты. Аудан аумағындағы эпизоотиялық ахуалдың қазіргі жағдайы, мал арасында тіркелген ауру түрлері мен олардың таралу себептері, алдын алу шараларының орындалу деңгейі, ветеринариялық-санитариялық талаптардың сақталуы және алдағы кезеңге жоспарланған жұмыстар. Міне осы тақырыптар көтерілген жиын есеп беру емес, нақты шешім қабылдап, індеттің алдын алуға бағытталған пәрменді қадамдардың бастауына айналуы тиіс басқосу болды.

Аудан бойынша ірі қара мал арасында тіркелген ауруға жүргізілген талдау әр округтегі жағдайдың әркелкі екенін көрсетті. Жалпы есеп бойынша 996 бас ірі қара ауруға шалдыққан. Аурудың тіркелу ең жоғары көрсеткіші Исатай ауылдық округінде тіркелді – 361 бас. Бұл округте 34 жеке тұлға мен 2 шаруа қожалығын қамтыған. Барлық ауырған мал толық емделіп шыққан, қазіргі таңда ем қабылдап жатқан мал жоқ. Аққыстау округіне қарасты 17 бекет елді мекенінде 67 бас ірі қара ауырған. Олар 8 жеке тұлғада тіркелген. Барлық мал сауығып, қазіргі таңда емделуде тұрғаны жоқ. Зинеден ауылдық округінде 235 бас мал ауырған. Мұнда 39 жеке тұлға мен 1 шаруа қожалығында тіркелген. Қазіргі уақытта 1 бас мал ем қабылдауда, ал 234 бас толық айыққан. Жанбай округінде жағдай біршама күрделірек. Бұл округте 333 бас ірі қара ауырған, оның ішінде 79 жеке тұлғаны қамтыған. Қазіргі таңда 53 бас мал емделуде, ал 280 бас сауығып шыққан. Жалпы алғанда, 160 жеке тұлға мен 3 шаруа қожалығы қамтылып, 54 бас ірі қара ем қабылдауда. 942 бас мал толық жазылып шыққан. Өлім-жітім дерегі тіркелмеген,-дейді аудандық ветеринариялық станция директоры Асланбек Шарипов.

 

 

Мамандардың мәліметінше, жалпы жағдай тұрақты бақылауда болғанымен, жекелеген ауылдық округтерде ем қабылдап жатқан малдың тіркелуі қауіптің толық сейілмегенін аңғартады. Бұл, өз кезегінде, ветеринариялық шараларды әлсіретпей, керісінше, алдын алу жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін көрсетеді. Соңғы деректерге сүйенсек, Исатай ауылдық округінде ауырған жануарлар толық сауығып, ауру динамикасы тұрақталған. Осыған байланысты округ әкімінің 2026 жылғы 3 сәуірдегі шешімімен енгізілген шектеу іс-шаралары ресми түрде тоқтатылды. Ал Зинеден, Аққыстау ауылдық округтеріндегі 17 бекетте және Жанбай ауылдық округінде жарияланған шектеулер әзірге өз күшінде қалып отыр. Бұл өңірлердегі жағдай әлі де жіті бақылауды талап етеді. Мал басының қозғалысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында да бірқатар шаралар атқарылған. 2025 жылдан бері ауданға сырттан әкелінген ауыл шаруашылығы жануарлары толықтай карантиндік талаптардан өткізіліп, тиісті дерекқорға енгізілген. Атап айтқанда, 201 бас ірі қара, 20 бас түйе, 17 бас ұсақ мал және 13 бас жылқы тіркелген. Цифрландыру бағыты да назардан тыс қалған жоқ. «Төрт түлік» мобильді қосымшасын енгізу арқылы мал шаруашылығын есепке алу мен бақылауды жетілдіру көзделгенімен, тұрғындардың белсенділігі әзірге төмен деңгейде. Аудан бойынша 2130 жеке және заңды тұлға тіркелсе, соның небәрі 371-і немесе 17,4 пайызы ғана қосымшаны тұрақты пайдаланып отыр. Бұл – ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін көрсететін маңызды көрсеткіш. Ал малды бірдейлендіру жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. І жартыжылдыққа жоспарланған 7100 бас ірі қараның тек 3434-і, 10800 бас ұсақ малдың 3409-ы ғана тіркелген. Жылқы бойынша 2000 бастың 598-і, түйе бойынша 750 бастың 119-ы ғана қамтылған. Жиын барысында ветеринария саласының мамандары өздерін толғандырған бірқатар өзекті мәселелерді көтеріп, жауапты мекемелерге сауалдарын жолдады. Атап айтқанда, мал қозғалысын бақылау, карантин талаптарының сақталуы, цифрлық жүйелердің тиімділігі секілді түйткілдер кеңінен талқыланды. Басшылық пен полиция бөлімінің өкілі тарапынан тиісті жауаптар беріліп, ұсыныстар ортаға салынды. Пікір алмасу барысында түрлі көзқарастар тоғысып, саладағы өзекті мәселелерге қатысты ой қозғалып, нақты шешімдер іздестірілді.

 

Жайна МАНСЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT