Ауданымыздың тумасы, «Барыс» спорт клубының түлегі, халықаралық додаларда ел намысын абыроймен қорғап жүрген жас дзюдошымыз Інжу Жұмажан әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болды.

Эквадордың Гуаякиль қаласында өткен дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде 57 келі салмақта сынға түскен Інжу Жұмажан тартысты белдесулер өткізіп, финалға дейін сүрінбей жетті. Ол жарыс барысында Перу, Германия, Өзбекстан және Франция спортшыларын жеңіп, ақтық сынға жолдама алды. Финалдық белдесуде поляк спортшысына ғана есе жіберген жас палуан әлем чемпионатының күміс жүлдесін еншіледі. Бұл – Інжу үшін ғана емес, Исатай ауданының олимпиадалық спорт түрлері бойынша әлемдік деңгейдегі айтулы әрі тарихи жетістігі. Қазіргі таңда Інжу Жұмажан Атырау облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында білім алып, облыстық олимпиада резервін даярлау орталығында жаттығады. Жас спортшының жеке жаттықтырушысы – Тұрар Ризуановтың айтуынша, әлем чемпионатындағы жүлде – бір жылдық тынымсыз дайындықтың нәтижесі.

– Әлем чемпионаты болғандықтан, бұл додаға әр елдің үздік спортшылары, өз мемлекетінің чемпиондары келеді. Сондықтан жарыстың өте жоғары деңгейде өтетіні алдын ала белгілі болды. Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына үлкен дайындықпен барды. Бір жыл бойы осы жарысқа мақсатты түрде дайындалдық. Соның нәтижесінде ұлттық құрама тарихи жетістікке қол жеткізді. Інжудің финалдық белдесуіне келер болсақ, тактикалық тұрғыдан дайындық жақсы өтті. Алайда белдесу барысында спортшымыздың асығыстық танытқан сәттері болды. Қарсыластың ұпайын қуып жетуге тырысып, бір-екі қателікке жол берді. Соның салдарынан қарсыласы бірнеше әдіс жасап, ұпай жинап кетті. Нәтижесінде жеңіліп қалды. Дегенмен бұл күміс жүлдені алтынға пара-пар деп бағалаймын. Ең бастысы, Інжу мұнымен тоқтап қалмайды. Алдағы уақытта келесі әлем чемпионатына тыңғылықты дайындалып, алтын жүлдеге қол жеткізуге бар күшімізді саламыз, – дейді жаттықтырушысы.

Айта кетейік, Гуаякильдегі әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпы есепте 10 медаль жеңіп алып, тарихи нәтижеге қол жеткізді. Ал аралас командалық жарыста еліміздің құрамасы тұңғыш рет әлем чемпионы атанды. Ал Інжудің бұл жеңісі – Исатай ауданында дзюдо спортының дамып, жас спортшылардың әлемдік аренаға нық қадам басып келе жатқанының айқын дәлелі.

Еркебұлан ЗИНЕДЕН


