Өңірлік коалиция мүшелері исатайлық медицина қызметкерлерімен жүздесті

 

Исатай ауданына арнайы келген «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясының мүшелері Исатай аудандық аурухана ұжымымен кездесіп, медицина саласының қызметкерлерімен пікір алмасты. Ақ халатты абзал жандар жиналған жүздесудің басты мақсаты – алдағы референдумның мән-маңызын түсіндіру, ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің мазмұнын кеңінен таныстыру және тұрғындардың пікірін тыңдау болды.

Кездесуге 80-ге жуық адам қатысып, жаңа Ата заң жобасындағы негізгі қағидаттар жан-жақты талқыланды. Жиында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейту, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайту, қоғамдағы әділдік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету секілді маңызды бағыттар сөз болды. Сонымен қатар ұсынылып отырған өзгерістердің ел дамуына ықпалы да кеңінен түсіндірілді.

 

 

Жиында  саланың тұрақтылығы мен мамандардың құқықтық тұрғыда қорғалуы талқыланды. «Ауыл» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы, коалиция мүшесі Нұртас Байжанов денсаулық сақтау жүйесіне қатысты нормалардың маңызын атап өтті.

– Конституциялық деңгейде медицина қызметкерлерінің қауіпсіз әрі санитарлық талаптарға сай жағдайда жұмыс істеу құқығы бекітіледі. Бұл олардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған нақты құқықтық негіз. Мемлекет ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің үздіксіз әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге міндетті. Кәсіби тәуекелдерді азайту, заманауи талаптарға сай еңбек жағдайын жасау – осы нормалардың басты мақсаты. Бұл медицина мамандарының мәртебесін арттыруға және қоғам алдындағы жауапкершілігін жоғарылатуға мүмкіндік береді,-деді ол.

 

 

Сондай-ақ, кездесу барысында медицина қызметкерлері өз пікірлерін білдіріп, көкейлеріндегі сауалдарын қойды. Коалиция мүшелері қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, референдумның маңызы мен ел болашағына ықпалы туралы кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Аудандық аурухана директорының мейіргер ісі жөніндегі орынбасары Назым Идрисова кездесудің мазмұнына тоқталып өтті.

— Бүгінгі кездесуде өңірлік коалиция мүшелері жаңа Конституция ережелерінде мемлекет пен жұмыс берушілерге медицина қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығын қорғау, кәсіби тәуекелдерді жүйелі түрде анықтап, азайту, сондай-ақ ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бағытында нақты заңдық міндеттер жүктелетінін айтты. Сонымен қатар қоғам үшін маңызды өзге де мәселелер қозғалды. Біз өз кезегімізде көкейімізде жүрген сауалдарға жауап алып, ұсынылып отырған өзгерістердің мән-маңызын тереңірек түсіндік,-деді ол.

 

 

Жиын соңында қатысушылар алдағы референдумның ел болашағы үшін маңызы зор екенін атап өтіп, қоғамдағы әр азаматтың белсенді ұстанымы мемлекет дамуының маңызды кепілі екеніне тоқталды.


Әсел ТАБИҒАТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Референдум 2026

Референдум 2026