Исатай ауданында 15 референдум учаскесінде дауыс беру таңғы жетіде басталды

 


Исатай ауданында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына қатысты жалпыұлттық референдум аясында дауыс беру науқаны басталды. Таңғы сағат 07:00-де аудан бойынша барлық референдум учаскелері өз жұмысын бастап, азаматтар конституциялық құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік алды.

Бұл күні дауыс беруші азаматтарға «БАҚ-та 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сұрақ қойылды. Азаматтар ұсынылған өзгерістерге қатысты өз таңдауларын білдіріп, елдің саяси дамуына қатысты маңызды шешім қабылдауға қатысуда.

Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, Исатай ауданында референдумға қатысуға 15 478 азамат тіркелген. Аудан бойынша 15 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр. Біз де аудан орталығы Аққыстау ауылдық округіндегі Аққыстау орта мектебінде орналасқан №133 референдум учаскесіне барып, дауыс берудің ашылу рәсіміне куә болдық. Дәл осылай ауданға қарасты алты ауылдық округтегі барлық учаскелерде дауыс беру өз уақытында басталды.

 

 

Исатай аудандық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Қабыл Ғұбашевтың айтуынша, референдум учаскелерінде барлық қажетті жағдай жасалған.

– Мүгедектігі бар азаматтар мен қарт адамдардың дауыс беруіне ерекше назар аударылған. Олардың өтініштері негізінде үйден дауыс беру мүмкіндігі қарастырылды. Сонымен қатар учаскелерде медициналық және техникалық қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілген. Әр учаскеде дәрігерлер, газ, электр және телекоммуникация саласының мамандары жауапты болып бекітілген. Қандай да бір жағдай туындаса, олар сол жерде жедел әрекет етеді,-деді комиссия төрағасы.

Айта кетейік, Қазақстанда бұған дейін 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары Конституцияға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Ал бұл жолғы референдумда елдің жаңа Конституциясын қабылдау мәселесі халықтың талқысына ұсынылып отыр.

Ұсынылып отырған өзгерістердің қатарында бірпалаталы парламентке көшу, вице-президент институтын енгізу, халық кеңесін бекіту, шетелден қаржыландыруға шектеу қою, азаматтарды ұстау тәртібі мен басқа да саяси-құқықтық жаңашылдықтар қарастырылған.
Осылайша, бүгінгі референдум – елдің конституциялық дамуы мен саяси жүйесін жаңғырту жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Ал аудан тұрғындары өз таңдауын жасап, мемлекет болашағына қатысты шешім қабылдауға белсенді қатысуда.

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT