Исатай ауданында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына қатысты республикалық референдум аясында дауыс беру науқаны өтіп жатыр. Саяси науқанның ашық әрі заң талаптарына сай ұйымдастырылуын қамтамасыз ету мақсатында референдум учаскелерінде тәуелсіз байқаушылар бақылау жүргізуде.
Аудан халқының жалпы саны 26 115 адамды құрайды. Оның ішінде 18 жасқа толып, саяси науқанға қатысуға құқығы бар 15 436 азамат референдумға дауыс беруші ретінде тіркелген. Ауданда барлығы 15 референдум учаскесі жұмыс істейді.
Референдумның ашықтығын қамтамасыз ету үшін аудан бойынша 150 тәуелсіз байқаушы бақылау жүргізуде. Байқаушылардың құрамына жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қызметкерлері, әлеуметтік қызметкерлер, бөбекжай-бақша тәрбиешілері, спорт мектебінің әдіскерлері, мұғалімдер, жұмысшы мамандар және жұмыссыз азаматтар енген.

Референдум қарсаңында, 27 ақпан күні, байқаушылар арнайы оқыту тренингіне қатысып, бақылау жұмысының тәртібімен танысты. Оқыту барысында байқаушыларға ұлттық заңнама талаптары мен халықаралық бақылау стандарттары түсіндірілді.
– Байқаушылар ауданымыздағы барлық референдум учаскесін толықтай қамтиды. Олардың негізгі міндеті – дауыс беру процесінің заң талаптарына сай, ашық әрі әділ өтуін бақылау. Барлық байқаушыларға арналған оқыту жұмыстары ұлттық заңнама мен халықаралық стандарттарға сәйкес ұйымдастырылды,-дейді Исатай аудандық байқаушылар капитаны Жұлдыз Сапарғалиева.
Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

