Исатай ауданында 363 тұрғын үйден дауыс беруге өтініш білдірді

 

Исатай ауданында өтіп жатқан референдум аясында дауыс беру жұмыстары барлық елді мекенде жүйелі түрде ұйымдастырылып, азаматтардың өз таңдауларын жасауына толық мүмкіндік жасалуда. Аудан тұрғындарының саяси науқанға белсенді қатысуы – ел болашағына деген жауапкершіліктің айқын көрінісі.

Аудан бойынша денсаулығына байланысты немесе өзге де себептермен учаскеге келе алмайтын азаматтар үшін үйден дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған. Бүгінде осындай өтініш білдірген тұрғындар саны 363 адамды құрап отыр. Бұл – әрбір азаматтың конституциялық құқығын жүзеге асыруға деген қызығушылығы мен азаматтық белсенділігінің дәлелі.

Шалғай орналасқан елді мекендерде тұратын тұрғындардың да дауыс беруіне жағдай жасалып, сайлау комиссиялары арнайы барып, дауыс беру процесін ұйымдастыруда. Атап айтқанда, №135 референдум учаскесіне қарасты Мыңтөбе, Қызтуған, Обалы елді мекендерінің тұрғындары, сондай-ақ №142 референдум учаскесіне қарасты Есіркеп ауылының тұрғындары үйден дауыс беруге өтініш білдіріп, оларға барлық қажетті мүмкіндік жасалып отыр.

 

 

Үйден дауыс бергендердің қатарында Жанбай ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Бақтығали Торғаев та бар. Ол ұзақ жылдар бойы Забурын совхозында есепші болып еңбек етіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан ардагер. Қазіргі таңда денсаулығына байланысты үйден дауыс беруге өтініш білдірген.

– Мен әр азаматтың конституциялық құқығын жүзеге асыруы маңызды деп есептеймін. Ел болашағына бейжай қарамай, өз таңдауымды жасап отырмын. Бұл – әрбір азаматтың парызы, – дейді еңбек ардагері.

Жалпы, үйден дауыс беру мүмкіндігінің ұйымдастырылуы – азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етудің маңызды тетігі. Бұл бастама шалғай елді мекендердегі және денсаулығына байланысты учаскеге келе алмайтын тұрғындардың да референдумға қатысып, өз пікірін білдіруіне жол ашып отыр.

Осылайша, Исатай ауданында референдумның ашық, қолжетімді әрі әділ өтуі үшін барлық жағдай жасалып, тұрғындардың белсенділігі де жоғары деңгейде байқалуда.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT