Исатай ауданында 661 бас ірі қара емделіп, жағдай бақылауда

 

Исатай ауданында ірі қара мал арасында тіркелген инфекциялық ринотрахеит және вирустық диарея ауруларына байланысты эпизоотиялық жағдай тұрақты бақылауға алынған. Мамандардың 17 наурыздағы мәліметіне сәйкес, аудан бойынша аталған ауру белгілері 739 бас ірі қара малдан анықталған. Ауру ошақтары бірнеше ауылдық округтің аумағында тіркелген. Атап айтқанда, Исатай, Зинеден, Жанбай ауылдық округтерінде және Аққыстау ауылдық округіне қарасты Томан елді мекенінде байқалған. Қазіргі уақытта ветеринариялық қызмет тарапынан індеттің таралуын шектеу және ауырған малдарды емдеу бағытында тиісті шаралар жүргізілуде.

Осыған байланысты Атырау облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Эльенора Даутбаева арнайы ауданға келіп, аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Өтегенов бастаған жауапты мамандармен бірге Жанбай ауылдық округіндегі жағдаймен танысты. Жұмыс сапары барысында мамандар ауру тіркелген қора-жайларды аралап, малдың жағдайын бақылап, ветеринариялық емдеу және алдын алу шараларын пысықтады.

 

 

Жанбай ауылындағы жағдайға байланысты аудан бойынша індеттің алғашқы белгілері қашан тіркелгені және қазіргі таңда жүргізіліп жатқан емдік шаралар жөнінде Исатай аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дидар Есмұханов мәлімет берді.

— Жанбай ауылы тұрғындарының иелігіндегі ірі қара малдан 12 наурыздан бастап ауру белгілері байқала бастады. Ауру анықталған барлық мал дер кезінде оқшауланды. Қазіргі таңда 22 аулада 78 бас ірі қарадан ауру тіркелді. Оның 8 басы толық сауықты. Бүгінде ауру малдарға симптоматикалық ем-шаралар жүргізілуде. Атап айтқанда, малдардың ауыз қуысы жуылып, қажетті антибиотиктер қолданылып жатыр. Сонымен қатар аудан бойынша жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алуға бағытталған профилактикалық және диагностикалық іс-шаралар жоспарға сәйкес тұрақты түрде жүргізілуде,-дейді ол.

 

 

Жалпы аудан көлемінде 102 жеке тұрғынның қорасында және үш шаруа қожалығында ауру тіркелген. Бүгінде 661 бас мал толық емделіп, 78 бас мал ем қабылдау үстінде. Ауру салдарынан мал шығыны тіркелмеген. Аудан бойынша ең көп жағдай Исатай ауылдық округінде анықталып, 34 қорадағы 361 бас малдан ауру белгілері байқалған. Қазіргі уақытта олардың барлығы толық ем қабылдап, сауығып шыққан. Томан елді мекенінде 8 қорадағы 67 бас малдан ауру белгісі тіркеліп, оның 65 басы емделіп, 2 бас мал әлі де ветеринариялық бақылауда. Ал Зинеден ауылдық округінде 38 қорадағы 233 бас мал ауырған болса, бүгінгі күні олардың 227 басы сауығып, 6 бас мал ем қабылдауда. 


Сонымен аудан аумағында ветеринариялық-санитариялық шаралар күшейтіліп, індеттің таралуына жол бермеу бағытында тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Дегенмен әрбір мал иесі төрт түліктің күтіміне жауапкершілікпен қарап, малдың жағдайын тұрақты бақылауда ұстауы қажет. Ауру белгілері байқалған жағдайда ветеринариялық мамандарға дер кезінде хабарлап, алдын алу шараларын сақтаудың маңызы зор.

Жайна МӘЛІМҚОЖА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT