Қыс-күз мезгілі басталысымен тұрмыстық газдан улану жағдайлары жиілейтіні белгілі. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында жергілікті атқарушы органдар жүйелі түрде алдын алу шараларын жүргізіп келеді. Соның бір айғағы – Исатай ауданы әкімінің қолдауымен жүзеге асып жатқан игі бастама.
Жоба аясында аудан көлеміндегі әлеуметтік осал топтарға жататын, жеке тұрғын үйлерде тұратын азаматтардың баспаналарына улы газдың таралуын ерте анықтайтын арнайы дабылқаққыш қондырғылар орнатылуда. Бұл – адам өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған нақты қадамдардың бірі.
Бүгін Аққыстау ауылдық округінде осы жұмыстар жалғасын тапты. Округтің бас маманы Райса Саменова мен аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің инженері Ашият Асылбек бекітілген тізім бойынша тұрғын үйлерді аралап, қауіпсіздік құрылғыларын орнатты.

Айта кету керек, мұндай дабылқаққыштар аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің ұсынысымен көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға және жалғызбасты қариялардың үйлеріне тегін қойылуда. Бұл – әлеуметтік қолдаудың нақты көрінісі ғана емес, ең бастысы – адам өміріне деген жанашырлықтың белгісі.
Жауапты мамандар өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтаудың маңыздылығын тұрғындарға кеңінен жеткізуде.
– Адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. Осы мақсатта улы газдың таралуынан хабар беретін арнайы дабыл құрылғыларын орнатуды қолға алдық. Алдымен әлеуметтік осал топтарға басымдық берілуде. Өткен жылы 40 тұрғын үйге қондырғы қондырылса, биыл 55 дабылқаққыш орнатылып үлгерді.Жалпы бұл 95 іс шара жалғасын тауып, алдағы уақытта 54 қондырғы қондырамыз деген жоспарымыз бар. Бұл құрылғы газдың мөлшері қауіпті деңгейге жеткен сәтте қатты дыбыс беріп, тұрғындарды дер кезінде ескертуге мүмкіндік береді. Соның арқасында адам өмірін сақтап қалуға болады, – дейді Ашият Асылбек.

Осындай игі шаралар тұрғындардың қауіпсіздігін күшейтіп қана қоймай, төтенше жағдайлардың алдын алуда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.
Сағыныш ҚАЙЫР,
суреттер автордікі

