Бүгін, 19 қыркүйек – Дүниежүзілік тазалық күні. World Cleanup Day аясында әлемнің түкпір-түкпірінде миллиондаған адам қоршаған ортаны тазартуға атсалысады. Атаулы күн еліміздегі «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасымен де үндесіп отыр.
Осы күні Исатай ауданында да тазалық жұмыстары кең көлемде ұйымдастырылды. Аудан бойынша 1200 тұрғын сенбілікке шығып, ауыл-аймақтарды қоқыстан тазалап, көшелер мен қоғамдық орындарды ретке келтірді. Аула-аумақтар абаттандырылып, шашылған қалдықтар жиналып, елді мекендердің тазалығы мен көркін жақсартуға бағытталған жұмыстар атқарылды.

Тазалық жұмыстарына аудан әкімі Нұрым Мусин де қатысып, тұрғындармен бірге сенбілікке шықты. Ол қоршаған ортаның тазалығын сақтау бір күндік шарамен шектелмей, күнделікті әдетке айналуы қажеттігін атап өтіп, аудан тұрғындарын туған жердің тазалығына бейжай қарамауға шақырды.

– Мемлекет басшысы атап өткендей, «Таза Қазақстан» – жай ғана науқан емес, ауқымы кең, мәні терең бастама. Қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің тазалығын сақтау – баршамызға ортақ міндет. Тазалық әр адамның өз ауласынан, өз көшесінен басталады. Сондықтан туған жерімізді таза ұстауға әрқайсымыз үлес қосуымыз керек, – деді аудан әкімі.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мәліметінше, сенбілікке мекеме қызметкерлерімен қатар ауыл тұрғындары да белсенді қатысты. Бұл – тазалықтың тек коммуналдық қызметтің міндеті емес, ортақ жауапкершілік екенін көрсететін көрініс.

Елді мекендерді тазарту барысында адам күшімен қатар арнайы техниканың маңызы зор. Әсіресе жиналған тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығару үшін қотарғыш (самосвал) сынды техникалар қажет.

Жақында «Таза Исатай» кәсіпорнының материалдық-техникалық базасы он жаңа техникамен толыққан болатын. Бүгінгі сенбілікте олардың қажеттілігі де көрінді. Соның ішінде аталған техника тазалық жұмыстарына тартылып, жиналған қоқыстарды шығаруға пайдаланылды.

Бұл ретте техниканың жаңаруы – тек бүгінгі сенбіліктің емес, ауданның санитарлық тазалығын жүйелі қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстың бір бөлігі. Өйткені көшені тазалау бір мәселе болса, жиналған қоқысты уақытында шығарып, белгіленген орынға жеткізу – одан кейінгі маңызды міндет.

Алайда кез келген сенбіліктің нәтижесі оның бір күнгі ауқымымен емес, тазалықтың қаншалықты ұзақ сақталуымен бағаланады. Бүгін жиналған қоқыс ертең қайта шашылмауы үшін әр тұрғын өзінен бастауға тиіс.

Тазалық жұмыстары ауданның негізгі көшелері мен жол жиектерін, қоғамдық орындар мен оларға іргелес аумақтарды қамтыды. Ауыл-аймақта жиналған қоқыс шығарылып, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде аудан бойынша 60 тонна қоқыс шығарылды.

Бүгінгі сенбілік тағы бір маңызды нәрсені көрсетті: тазалықты сақтау үшін бір күндік акциядан бұрын тұрақты жауапкершілік қажет. Қоқысты жинау – жұмыстың бір бөлігі ғана. Оны қайта шашпау, қоршаған ортаға ұқыпты қарау, ортақ кеңістікті таза ұстау – әр тұрғынның күнделікті мәдениетіне айналуы тиіс.

#ТазаҚазақстан
Өз тілшіміз



