Бүгін Исатай ауданында «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясының мүшелерімен кездесу өтті. Коалиция өкілдері – Бақберген Қарабаев, Нұрлан Қайреденов, Руслан Қалмұратов және Нұртас Байжанов ауданға арнайы келіп, жергілікті тұрғындармен ашық пікір алмасу ұйымдастырды.
Алғашқы кездесу аудан орталығындағы Өнер мектебінде өтіп, оған ауданның мәдениет және өнер саласының өкілдері, ұстаздар, сондай-ақ Ш.Шәріпов атындағы балалар саз мектебінің ұжымы қатысты. Жиынның негізгі мақсаты – азаматтарға алдағы референдумның мазмұнын кеңінен түсіндіру, ұсынылып отырған өзгерістердің маңызы мен ел дамуына ықпалын нақты жеткізу, сондай-ақ тұрғындардың пікірін тыңдап, сауалдарына жауап беру болды.

200-ге жуық адам жиналған кездесуде жаңа Ата заң жобасындағы басты қағидаттар жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейту, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайту, қоғамдағы әділдік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері қозғалды.

Спикерлер референдум – халықтың өз таңдауын білдіретін маңызды демократиялық тетік екенін атап өтті. Олардың айтуынша, әрбір азаматтың саяси үдерістерге белсенді қатысуы елдің тұрақты дамуына негіз қалайды. Сонымен қатар, заң үстемдігін күшейту, қоғамдық келісім мен бірлікті сақтау, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру бағыттары да назардан тыс қалған жоқ.

Кездесуде алғашқы болып сөз алған партия ардагері, өңірлік коалиция мүшесі Бақберген Қарабаев 15 наурызда өтетін референдум ел болашағын айқындайтын маңызды кезең екенін атап өтті. Оның айтуынша, ұсынылып отырған Конституциялық өзгерістердің басты мақсаты – адамның әлеуетін арттыру арқылы елдің стратегиялық дамуына жол ашу. Бұл – білім, мәдениет, шығармашылық пен инновациялық қабілетті дамыту арқылы қоғамның жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жаңа Конституцияда азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды нормалардың бірі – Миранда ережесінің енгізілуі екенін атап өтті.
– Жаңа Конституцияда Миранда ережесінің жазылуы – адам құқықтарын қорғаудағы маңызды қадам. Бұл норма бойынша әрбір азамат ұсталған немесе күдікке ілінген жағдайда өзінің құқықтарын білуге және заң көмегіне жүгінуге толық мүмкіндік алады. Яғни, ешкім де өз құқықтарын білмей, заң алдында қорғансыз қалмауы тиіс,-деді ол.

Кездесу барысында қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, пікір алмасты. Соның бірі мәдениет саласының ардагері Гүлбану Кабулова да кездесуде өз ойын ортаға салды. Ол Жаңа Конституцияның 30-бабында «Неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болады» деп көрсетілуі қоғамдағы отбасы институтының мәртебесін айқындай түсетін маңызды норма екенін атап өтті.
– Отбасы – кез келген қоғамның берік тірегі. Сондықтан Конституцияда отбасы құндылықтарының, ана мен әкенің, баланың мемлекет қорғауында екені нақты жазылуы – ұлт болашағына деген жауапкершіліктің көрінісі. Мұндай қағидалар қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті нығайтып, жас ұрпақтың дұрыс тәрбиеленуіне негіз болады,-деді мәдениет ардагері.

Ол сондай-ақ отбасы құндылықтарын дәріптеу, ұрпақ сабақтастығын сақтау мен ұлттық тәрбиені күшейту мәселелерінің мемлекеттік деңгейде қолдау табуы – қоғам үшін аса маңызды екенін атап өтті.

Кездесу барысында коалиция мүшелері Нұрлан Қайреденов пен Нұртас Байжанов та сөз алып, референдумның маңызы мен ұсынылып отырған Конституциялық өзгерістердің мәніне тоқталды. Олар жаңа бастамалар қоғамдағы әділдік қағидаттарын нығайтып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталғанын атап өтті. Сондай-ақ әрбір азаматтың елдегі маңызды саяси үдерістерге белсенді қатысуы мемлекет дамуының берік негізі екенін жеткізді.Осылайша, ашық форматта өткен кездесу тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдауға мүмкіндік беріп, алдағы референдумның мәні мен маңызын кеңінен түсіндіруге бағытталды.

Сағыныш ҚАЙЫР



