Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарын сайлауға арналған маңызды саяси науқан Исатай ауданында да өз мәресіне жетті. Таңсәріден сайлау учаскелеріне ағылған аудан тұрғындары елдің ертеңі мен болашағына қатысты азаматтық таңдауын жасап, саяси науқанға белсенді қатысты.
Сайлау күні ауданның барлық ауылдық округтеріндегі 15 сайлау учаскесінде дауыс беру белгіленген тәртіпке сай ұйымдастырылды. Түрлі сала өкілдері, еңбек адамдары, ардагерлер, жастар мен ауыл тұрғындары сайлау учаскелеріне келіп, Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысты.
Сайлаушылардың дауыс беруі үшін учаскелерде барлық қажетті жағдай жасалды. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік қамтамасыз етіліп, мүгедектігі бар адамдар мен қарттардың дауыс беруіне де ерекше назар аударылды.

Исатай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қабыл Ғұбашевтың айтуынша, денсаулық жағдайына немесе заңда көзделген басқа да себептерге байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын азаматтарға үйде дауыс беру мүмкіндігі қарастырылды.
– Мүгедектігі бар адамдар мен қарт адамдардың дауыс беруіне ерекше назар аударылды. Сайлау учаскесіне келе алмайтын азаматтар учаскелік сайлау комиссиясына жазбаша өтініш беру арқылы үйде дауыс берді. Сонымен қатар әр учаскеде медициналық және техникалық қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілді. Полиция, медицина, газ, электр және телекоммуникация салаларының мамандары жауапты болып бекітіліп, сайлау барысының қауіпсіз өтуіне атсалысты, – деді төраға.
Сағат 20:00-де барлық сайлау учаскелерінде дауыс беру аяқталып, сайлау жәшіктері ашылды. Осыдан кейін учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері бюллетеньдерді санауға кірісті. Дауыстарды санау белгіленген талаптарға сәйкес жүргізіліп, нәтижелері тиісті хаттамаларға енгізіледі.
Айта кетейік, Исатай ауданында Құрылтай депутаттарын сайлауына барлығы 15 678 сайлаушы тіркелген. Сайлау барысын 150 тәуелсіз байқаушы бақылаған.
Осылайша, сайлау күні аудан тұрғындары ел тағдырына қатысты маңызды саяси науқаннан тыс қалмай, өз таңдауын жасау арқылы азаматтық белсенділігін танытты. Енді учаскелік сайлау комиссиялары дауыстарды санау және қорытынды ақпаратты рәсімдеу жұмыстарын аяқтайды. Сайлаудың нақты қорытындысы белгіленген тәртіппен дауыстарды санау нәтижесінде белгілі болады.



