Исатай ауданында Құрылтай сайлауының барысын 150 тәуелсіз байқаушы бақылауда

 

Исатай ауданында Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау аясында дауыс беру науқаны өтіп жатыр. Саяси науқанның ашықтығы мен заң талаптарына сәйкес ұйымдастырылуын қамтамасыз ету мақсатында ауданның сайлау учаскелерінде тәуелсіз байқаушылар бақылау жүргізуде.

Аудан халқының жалпы саны – 26 048 адам. Оның ішінде сайлауға қатысуға құқығы бар 15 678 азамат сайлаушылар тізіміне енгізілген. Аудан бойынша барлығы 15 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр.

Сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында аудан бойынша 150 тәуелсіз байқаушы бақылау жүргізуде. Олардың қатарында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қызметкерлері, әлеуметтік қызметкерлер, бөбекжай тәрбиешілері, спорт мектебінің әдіскерлері, мұғалімдер, жұмысшы мамандар және жұмыссыз азаматтар бар.

 

 

Сайлау қарсаңында, 6 тамыз күні әр сайлау учаскесінен бір-бір байқаушы арнайы оқыту тренингіне қатысып, сайлау процесін бақылау тәртібімен танысты. Оқыту барысында байқаушыларға ұлттық заңнама талаптары мен халықаралық бақылау стандарттары түсіндірілді.

– Байқаушылар ауданымыздағы барлық сайлау учаскесін қамтиды. Олардың негізгі міндеті – дауыс беру процесінің заң талаптарына сай, ашық әрі әділ өтуін бақылау. Барлық байқаушыға арналған оқыту жұмыстары ұлттық заңнама мен халықаралық стандарттарға сәйкес ұйымдастырылды,-дейді Исатай аудандық байқаушылар капитаны Жұлдыз Сапарғалиева.

Байқаушылар дауыс беру барысын, сайлаушылардың құқықтарының сақталуын және сайлау рәсімдерінің белгіленген талаптарға сәйкес жүргізілуін бақылауда.


Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT