Індеттің келесі ошағы Исатай ауылдық округінде тіркелді. 2 ақпаннан бастап мүйізді ірі қара малдарынан дәл осыған ұқсас белгілер байқалып, жағдай тағы да ветеринар мамандардың шұғыл араласуын талап етті. Ауру белгілері анықталған сәттен бастап барлық мал дереу оқшауланып, індеттің таралуына тосқауыл қою шаралары қолға алынды.
Ауырған жануарлардан алынған сынамалар Астана қаласындағы «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығы» РМК зертханасына жолданып, нәтижесінде 13 ақпан күні ірі қара арасында инфекциялық ринотрахеит ауруы расталды. Аурудан жазылған соңғы мал 17 ақпан күні тіркелуі індеттің дер кезінде тоқтатылып, бақылауға алынғанын көрсетеді. Ошақ аумағында санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында кең көлемді дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді.
«Республикалық эпизоотияға қарсы отряд» РММ Атырау филиалының мамандары жалпы 41 000 шаршы метр аумақты қамтитын қора-жайлар мен аулаларды толық залалсыздандырды. Бұл – індеттің әрі қарай таралу қаупін мейлінше азайтуға бағытталған негізгі шаралардың бірі болды. Қазіргі таңда шектеу аймағында қорытынды дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп, жағдай толық тұрақтандыру кезеңіне өтті. Мамандардың айтуынша, жүргізілген кешенді шаралар індеттің таралу тізбегін үзіп, қауіпті жағдайдың алдын алуға мүмкіндік берген. Дегенмен сақтық шараларын әлсіретпеу, мал күтіміне мұқият қарау әлі де күн тәртібіндегі басты талап болып қала береді.
Жайна ӨМІРҚҰЛ

