Исатай төрінде ұлттық рух ұлықталған аламан бәйге өтті

     

Азаттық жолында атқа қонып, ел намысы үшін от кешкен ерлердің есімі халық жадында мәңгі сақталады. Солардың бірі – батыр, қолбасшы, ұлт рухының символына айналған Исатай Тайманұлы. Биыл батыр бабаның туғанына 235 жыл толуына орай оның есімімен аталатын ауданда ұлттық рухты дәріптеген кең ауқымды ат бәйгесі ұйымдастырылды. Дүбірлі дода Тұщықұдық ауылында Исатай ауданы әкімдігінің бастамасымен, AMANAT партиясы қолдауымен және Атырау облыстық «Бәйге» федерациясы  ұйымдастыруымен жоғары деңгейде өтті.

 

 

Ат бәйгесі халықтың тарихи жадын жаңғыртқан, ұлттық болмысты қайта тірілткен тағылымды жиын болды. Ат тұяғының дүбірі естілсе делебесі қозатын қазақ жұрты бұл жолы да дәстүрден жаңылған жоқ. «Бәйге болады» дегенді естіген елдің ықыласы ерекше байқалып, ауыл-ауылдан ағылған жұрт бәйге алаңына ат-көлікпен ағылып келді. Бұл – халықтың ұлттық мұраға деген сағынышы мен құрметінің айқын көрінісі.

 

 


Бәйге төрт кезең бойынша ұйымдастырылып, әрқайсысы өз деңгейінде тартысқа толы өтті. Атап айтсақ,  21 шақырымдық аламан бәйгеде тұлпарлардың төзімі мен бабына түскені сыналса, 15 шақырымдық топ бәйгеде жүйріктердің шапшаңдығы айқын көрінді. Ал 9 шақырымдық құнан жарысы мен 6 шақырымдық тай жарысында жас сәйгүліктер мен жас шабандоздардың қарымы байқалып, болашақтың үмітін аңғартты. Әр кезеңде сәйгүліктердің жүйріктігі мен шабандоздардың шеберлігі сынға түсті. Алыс қашықтықтағы аламан бәйге – нағыз төзім мен бабтың жарысы болса, тай мен құнан жарыстары жас шабандоздардың болашағынан үміт күттірді.

 


Жарысқа Батыс Қазақстан облысы, Маңғыстау, Ақтөбе өңірлерінен және облыс аудандарынан келген атбегілер қатысып, дода көркін қыздырды. Бұл – бәйгенің ауқымын кеңейтіп, өңіраралық деңгейге көтерілгенін аңғартты. 

 


Аламан бәйгеге арнайы қонақ ретінде қатысқан Исатай ауданының Құрметті азаматы, ауданның өсіп-өркендеуіне ұзақ жылдар еңбек сіңірген ардагер азамат, әр кезеңде аудан тізгінін ұстап, аудан әкімі қызметін атқарған  Зұлбұхар Сүйнешов те ақжарма тілегін білдірді. Ол ауданның өткені мен бүгініне тоқталып, елдің бірлігі мен бүгінгі жетістіктеріне ризашылығын жеткізді.

 


– «Тарих – өткеннің куәгері, рухани қазынасы, бүгінгіге үлгі, ертеңгіге бастама» дейтін халықтың ұлағатты сөзі бар. Мен сонау жылдары осы ауданда еңбек еткен адам ретінде Исатай бабамыздың 200 жылдық мерейтойын ұйымдастырған азаматтардың бірімін. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде ауданымыздың қайта түлеп, еңсе тіктеуіне сол мерейтой үлкен серпін берген еді. Сол күндердегі елдің ынтымағы мен рухын бүгінгі шарадан да көріп отырмын. Әрине, ол уақытты бүгінгі күнмен салыстыруға келмейді. Бүгінде ел еңсесін тіктеп, халықтың тұрмысы түзелген. Мына аламан бәйгені тамашалап отырып, тек ат жарысын ғана емес, елдің қуанышын, халықтың шат көңілін көріп марқайып тұрмын. Исатай ауданы – төскейі малға толы, қойнауы мұнайға бай, еңбекқор халқы бар қасиетті мекен. Сондықтан Исатай баба атымен аталатын ауданымызға әрдайым толағай табыс тілеймін. Бүгінгі аламан бәйгеде озып шыққан жүйріктер секілді ауданымыз да облыстағы ең үздік, мерейі үстем өңірлердің біріне айнала берсін,-деді Зұлбұхар Махсотұлы.

 


Ал бұл жарыстың тағы бір  ерекшелігі – жас буынның ұлттық спортқа деген қызығушылығының артып келе жатқанын айқын көрсетті. Соның дәлелі ретінде бәйгеге қатысқан ең жас шабандоз – Құрманғазы ауданынан келген 7 жастағы Рахим Жақсылықұлы көпшіліктің ықыласына бөленді. Жасына қарамастан ат үстінде еркін отырып, бәйге жолына шыққан жас шабандоз көпке үміт сыйлады. Рахимнің әкесі, құрманғазылық шаруагер әрі атбегі Жақсылық Көшербайұлы бүгінгі бәйгенің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, ұлттық ойындардың ұрпақ тәрбиесіндегі орны ерекше екенін жеткізді. Оның айтуынша, қазақ баласы атқа жақын болып өсуі керек. Өйткені жылқы – қазақтың болмысымен біте қайнасқан қасиетті түлік.

– Мұндай жарыстар тек спорттық бәсеке ғана емес, бұл – ұлттық рухты жаңғыртатын үлкен тәрбие мектебі. Балалар осындай ортада өссе, ата дәстүрін құрметтеп, елін сүйетін азамат болып қалыптасады,-дейді атбегі.

 


Азат рух пен ұлттық дәстүр үндескен мерекелік шарада ауданға қарасты ауылдық округтер ұлттық нақышта безендірілген ақшаңқан киіз үйлер тігіп, қонақтарды кең дастарханмен қарсы алды. Әр киіз үйде қазақ халқының салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтары дәріптеліп, келген көпшілікке ұлттық тағамдар ұсынылды. Мерекелік алаңда ұлттық рух айқын сезіліп, тұрғындар көтеріңкі көңіл күйге бөленді. Ат бәйгесімен қатар ұйымдастырылған түрлі ұлттық ойындар мен спорттық сайыстар да көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Алаңға жиналған жұртшылық ұлттық рухты дәріптеген тартысты додаларды тамашалап, мерекенің сәнін келтірді.

 

 

Мерекелік шара аясында аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің ұйымдастыруымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде жергілікті кәсіпкерлер мен шаруалар өз өнімдерін ұсынып, тұрғындарға ет, сүт өнімдері, ұлттық тағамдар мен тұрмыстық тауарларды қолжетімді бағамен ұсынды. Сауда-саттық қыза түсіп, келген қонақтардың ерекше ықыласына бөленді.

 


Ал нәтижеге келер болсақ, бәйгенің әр кезеңі тартысқа толы өтіп, жүйріктердің бабын келтірген атбегілер мен шабандоздардың шеберлігі көпшілікті тәнті етті.

 

 

Тай жарысында Индер ауданынан келген Жалғасбаев Сағдаттың «Бегімайы» мәре сызығын бірінші болып кесіп, І орынды иеленді. Ал Маңғыстау облысынан қатысқан Утебеков Розимнің «Қараторғайы» ІІ орынға тұрақтаса, Құрманғазы ауданынан келген Шамұратов Талғаттың «Көз торысы» ІІІ орынды еншіледі. Жас сәйгүліктер сынға түскен бұл жарыс көрерменнің ерекше қызығушылығын тудырды.

 

 

Құнан жарысында да бәсеке қыза түсті. Маңғыстау облысынан келген Үтепов Айтжанның «Ақордасы» топ жарып, І орынды жеңіп алды. Батыс Қазақстан облысынан қатысқан Хасановтар әулетінің «Қамысқұлағы» ІІ орынға ие болса, осы өңірден келген Иманғазиев Қуаныштың «Кейкісі» ІІІ орыннан көрінді. Бұл кезеңде жас құнандардың қарымы мен шабандоздардың шапшаңдығы айқын байқалды. Топ бәйгесінде де тартыс жоғары деңгейде өрбіді.

 

 

Ақтаулық Бимырзаевтар әулетінің «Ақсыңдары» дара шауып, І орынды иеленсе, Қызылқоғалық  Мутишев Азаматтың «Даламаны» ІІ орынға тұрақтады. Ал Исатай ауданының Айбас елді мекенінен қатысқан Мырзабек Билялдың «Қуаныш қара торысы» ІІІ орынды қанжығасына байлады. Бұл жарыста сәйгүліктердің төзімі мен жүйріктігі қатар сыналды. Көпшілік асыға күткен аламан бәйге де ерекше әсерге толы болды. Маңғыстаудан келген Ермұхановтар әулетінің «Арланы» алдына қара салмай, І орынды жеңіп алды. Исатай ауданының Нарын ауылынан қатысқан Сердекешев Жәнібектің «Адалы» ІІ орынға ие болса, Ақтау қаласынан келген Бимырзаевтар әулетінің «Жарықтаңы» ІІІ орыннан көрінді. Ұзақ қашықтықтағы бұл додада тұлпарлардың төзімі мен бабына түскені анық байқалып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.

 

 


Бәйгенің жүлде қоры да ауқымды болды. Тай жарысында  І орынға – 300 мың теңге, ІІ орынға – 200 мың теңге, ІІІ орынға – 100 мың теңге табысталды. Құнан жарысында жеңімпазға 500 мың теңге, ІІ орын иесіне 300 мың теңге, ІІІ орынға 200 мың теңге берілді. Ал топ бәйгесінде І орынға – 1 миллион теңге, ІІ орынға – 700 мың теңге, ІІІ орынға – 500 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы ұсынылды. Көпшілік күткен аламан бәйгеде бас жүлде 1,5 миллион теңгені құраса, ІІ орынға – 1 миллион теңге, ІІІ орынға – 700 мың теңге табысталды. Жалпы жүлде қоры 8,4 миллион теңгені құрап, ұлттық спортты қолдауға деген зор жанашырлықты аңғартты.

 


Исатай аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жоғары деңгейде ұйымдастырған ұлттық спорт сайыстары мерекенің мазмұнын арттыра түсті. Бәйгемен қатар өткен бұл жарыстар көрерменге ерекше әсер сыйлап, қазақ спортының рухын айшықтай түсті. Әсіресе әлем және Азия чемпиондарының, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлерінің қатысуымен өткен қазақша күрес көпшіліктің қызығушылығын оятты. Батыс Қазақстан облысы мен Атырау өңірінен келген мықты балуандар боз кілемде белдесіп, күш пен әдіс-тәсілдің нағыз үлгісін көрсетті. Нәтижесінде Батыс Қазақстан облысынан келген Бекжан Ғалымжанұлы қарсыластарынан басым түсіп, І орынды иеленді. Қызылқоға ауданынан қатысқан Табиғат Мағауия ІІ орынға тұрақтаса, атыраулық Сұңғат Закария ІІІ орынды еншіледі. Күш сынасқан тағы бір тартысты бәсеке – гір тасын көтеру сайысы болды.

 

 

Бұл додаға сегіз спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Жарыс қорытындысында Атырау қаласының спортшысы Сұңғат Закария үздік нәтиже көрсетіп, І орынды жеңіп алды. Ал Исатай ауданынан қатысқан Нұрсұлтан Әбдеш ІІ орынға ие болса, Мәулен Кенжеғалиев ІІІ орыннан көрінді. Қатысушылардың төзімі мен қайраты сыналған бұл сайыс көрерменнің қызу қолдауына ие болды. Ұлттық ойындардың бірі – арқан тартыс та көпшіліктің көңілінен шықты. Бұл жарысқа бес команда қатысып, өзара тартысты бәсеке өрбітті. Командалық ауызбіршілік пен күш сыналған додада Исатай ауданының аралас командасы жеңіске жетіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Осылайша ұлттық спорт түрлерін ұлықтаған шара ел бірлігін нығайтып, жастардың дәстүрлі ойындарға деген қызығушылығын арттыра түсті.Осылайша ұлттық спорт түрлерін ұлықтаған шара ел бірлігін нығайтып, жастардың дәстүрлі ойындарға деген қызығушылығын арттыра түсті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және ақшалай қомақты сыйлықтармен марапатталды.

 


Иә, ат тұяғының дүбірі жаңғырған алаңда қазақтың бекзат болмысы, ұлттық дәстүрі мен бірлігі айқын көрініс тапты. Бәйге мен ұлттық спорт сайыстары арқылы халықтың рухани құндылықтарға деген құрметі терең сезілді. Ұлттық рухты ұлықтаған тағылымды шара елдің ауызбіршілігін бекемдеп, Ауданның мерейін үстем етті десек артық болмас. Осындай мазмұнды мерекелер арқылы ата дәстүр жаңғырып, қазақтың қанына сіңген жылқы мәдениеті мен ұлттық спорттың қадірі арта беретіні сөзсіз.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT