Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы Исатай ауданында кең көлемде, ерекше сән-салтанатымен аталып өтті. Аудан орталығы Аққыстау ауылының орталық алаңы бұл күні думанға толып, береке мен бірліктің, жаңару мен жаңғырудың айшықты көрінісіне айналды.

Мерекелік шара аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен өтіп, оған ауданға қарасты мекемелер мен мұнай кәсіпорындары белсенді түрде атсалысты. Жалпы саны 12 киіз үй тігіліп, әрқайсысы ұлттық нақышпен безендіріліп, қонақтарға қазақы дәстүрдің бай мазмұнын танытты.

«Қош келдің, әз Наурыз!» атты мерекелік думанды аудан әкімі Нұрым Мусин ашып, жиналған жұртшылықты төл мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде Наурыздың терең тарихи мәніне тоқталып, бұл күннің ұлт үшін маңызын айрықша атап өтті. Береке мен бірліктің бастауы болған мейрамда елге тыныштық, әр шаңыраққа амандық тіледі.

Мерекенің көркін қыздырған театрландырылған қойылымдар көрерменді ерекше әсерге бөледі. Жер-Ана, Су-Ана, Күн-Ана, От-Ана бейнелері арқылы табиғаттың адамзат өміріндегі орны, олардың киелі мәні тереңінен ашылды. Күн мен түн теңелген шақта бұл құндылықтардың қасиеті арта түсетіні әсерлі сахналық көріністер арқылы жеткізілді.

Сахна төрінде қазақ халқының бай салт-дәстүрлері де кеңінен насихатталды. Бөбекжай-бақшалар, саз мектебі, орта мектеп пен аурухана ұжымдары көрісу, құда түсу, сырға салу сынды ұлттық ғұрыптарды сахналап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Тайқазан көтеріліп, ұлттық рухты асқақтататын көріністер мерекенің мазмұнын тереңдете түсті.

Спорттық шаралар да мейрамның сәнін кіргізді. Исатай және Жанбай балалар-жасөспірімдер спорт мектептері, Жастар ресурстық орталығы мен «Барыс» спорт клубы бірлесе өткізген жарыстарда аудан тұрғындары қазақ күресі, гір тасын көтеру, арқан тартыс және білек күшін сынау бойынша бақ сынады. Жарыс қорытындысында үздік шыққан спортшылар арнайы марапаттарға ие болып, көрермендердің қошеметіне бөленді.

Мереке соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, ән мен күй, жыр мен би алаңды шаттыққа бөледі.
Бұл күні Аққыстау тұрғындары шат-шадыман күйде орталық алаңға жиналып, мерекелік думанның көркін қыздырды.
– Бала-шағамен келіп, Наурызды осылай кең көлемде, сән-салтанатымен атап өтіп жатқанын көру – үлкен қуаныш. Ұлттық дәстүрлеріміз жаңғырып, кейінгі ұрпаққа үлгі болып жатқаны көңіл қуантады. Осындай мерекелер халқымыздың бірлігін нығайтып, дәстүр сабақтастығын жалғай береді деп сенемін,-дейді ауыл тұрғыны, ардагер Әсия Мұратқызы.

Салтанатты шара барысында аудан әкімі Нұрым Бекежанұлы бастаған аудан басшылығы, облыстық мәслихат депутаты Нұрлан Қайреденов, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат төрағасы, мекеме басшылары мен аудан ақсақалдары арнайы тігілген киіз үйлерді аралап, наурыз көжеден дәм татты. Ақ баталарын беріп, ізгі тілектерін арнаған ел ағаларының сөзі мерекенің мазмұнын тереңдете түсті.

Аудан орталығында айшықталған бұл мейрам ұлттың рухын жаңғыртқан, салт-дәстүрді ұлықтаған, ұрпақ сабақтастығын айқындаған тағылымды шара болды. Ұлыстың ұлы күні елге құт, әр шаңыраққа бақ-береке әкелсін!

Атаулы мерекелік шара тек аудан орталығында ғана емес, ауылдық округтерде де жоғары деңгейде ұйымдастырылды. 22-наурыз күні әр ауыл өз ерекшелігімен Наурыз думанын өткізіп, ұлттық дәстүрді дәріптеген тағылымды шараларға ұласты. Ауыл тұрғындары киіз үйлер тігіп, ұлттық ойындар ұйымдастырып, ән мен жырдан шашу шашып, Ұлыстың ұлы күнін айрықша ықыласпен қарсы алды.
Ұлыстың ұлы күні елге құт, әр шаңыраққа бақ-береке әкелсін!

Ж.ИСЛАТ,
Фото: Е.ЗИНЕДЕНОВ

