Исатай ауданына арнайы келген «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясының мүшелері «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының жұмысшыларымен кездесті. Ашық диалог форматында өткен жүздесуге 70-ке жуық мұнайшы қатысып, жаңа Ата заң жобасына қатысты пікір алмасты.
Кездесудің басты мақсаты – алдағы референдумның мән-маңызын түсіндіру, ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің мазмұнын таныстыру және еңбек ұжымының пікірін тыңдау болды. Жиын барысында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейту, заң үстемдігін нығайту, қоғамдағы әділдік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы бастамалар туралы айтылды.

Атырау облыстық мәслихатының депутаты, өңірлік коалиция мүшесі Нұрлан Қайреденов жаңа Конституция жобасында қоғам үшін маңызды бірқатар өзгерістер қамтылғанын атап өтті. Оның айтуынша, құжатта адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау басты басымдықтардың бірі ретінде белгіленген. Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау, экологиялық жауапкершілік пен табиғатты ұқыпты пайдалану мәселелері де заң деңгейінде нақты көрініс табатыны айтылды. Бұл өз кезегінде табиғатты қорғау мен келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілікті күшейтуге бағытталған маңызды қадам болмақ.

Сондай-ақ кездесуде еңбек адамдарының қоғамдағы рөлі, өндіріс саласындағы тұрақтылық пен әлеуметтік кепілдіктер мәселесі де кеңінен қозғалды. Жиын барысында еңбек қауіпсіздігін сақтау, жұмысшылардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету секілді өзекті тақырыптар сөз болды.

Мұнайшылар өз кезегінде көкейлерінде жүрген бірқатар сауалдарын қойып, ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің өндіріс саласына, еңбек қатынастарына және әлеуметтік қолдауға ықпалы туралы пікірлерін білдірді. Коалиция мүшелері қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, жаңа Конституция жобасының мазмұны мен маңызын кеңінен түсіндірді.

Еркін пікір алмасу жағдайында өткен кездесуде қатысушылар алдағы референдумның ел болашағы үшін маңызы зор екенін атап өтті. Сонымен қатар қоғамдағы әр азаматтың белсенді ұстанымы мемлекет дамуының маңызды кепілі екені де айтылды.
Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ



