Батыс Қазақстан облысынан Исатай ауданына отбасылық жағдайына байланысты қонаққа келген ерлі-зайыпты Бигалиев Арман мен Бигалиева Баян бүгін азаматтық міндеттерін орындау үшін №135 сайлау учаскесіне арнайы барып, өз таңдауларын жасады.
Ерлі-зайыптылардың тұрақты тұрғылықты мекенжайы – Батыс Қазақстан облысы, Подстепное ауылы. Алайда бүгін Жанбай ауылында болған олар сайлауға қатысуды кейінге қалдырмай, дауыс беру учаскесіне келіп, ел болашағына қатысты маңызды саяси науқаннан тыс қалмады.
Бигалиевтер отбасы үшін дауыс беру – азаматтың ел алдындағы жауапкершілігін сезінудің бір көрінісі. Олар өз таңдауын жасап, туған жері мен елінің ертеңіне бейжай қарамайтындықтарын көрсетті.
— Қай жерде жүрсек те, еліміздің маңызды саяси науқанынан шет қалмау – әр азаматтың парызы деп білеміз. Сондықтан Жанбай ауылында жүргенімізге қарамастан, сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауымызды жасадық,– дейді ерлі-зайыптылар.
Айта кетейік, №135 сайлау учаскесінде барлығы 1849 дауыс беруші тіркелген. Бүгін мұнда тұрғындармен қатар, ауданға уақытша келген азаматтар да өз азаматтық ұстанымдарын білдіріп, ел болашағына қатысты таңдауларын жасауда.



