«Таза Қазақстан» экологиялық тұжырымдамасы аясында Исатай ауданында көгалдандыру жұмыстарын жүйелі жүргізуге басымдық беріліп отыр. Ауданның табиғи ерекшелігі мен топырақ құрамын ескере отырып, жасыл желек отырғызудың тиімді тәсілдері қарастырылып, арнайы жобалар әзірленуде. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрбол Жампейсовтің айтуынша, аудан аумағын көгалдандыруда ең алдымен жердің табиғи ерекшелігін ескеру қажет.
– Исатайдың кей жерлерінде топырақ тұзды. Сондықтан тал егіп қана қоймай, оны кейін дұрыс күтіп-баптау маңызды. Әйтпесе отырғызылған көшеттердің жерсінбей, қурап қалу қаупі жоғары. Осыған байланысты ауданның дендрологиялық жоспарын зерттеп, ғалымдар мен мамандардың ұсыныстарын алдық. Нәтижесінде Исатайдың табиғи жағдайына бейім жасыл желектердің тізімін жасадық,-дейді бөлім басшысы.
Мамандардың ұсынысы бойынша ауданға кез келген ағашты бейберекет отырғызу емес, жергілікті климат пен топыраққа төзімді өсімдік түрлерін таңдау көзделіп отыр. Бұл ретте сексеуіл, қара ағаш, терек және талдың кейбір түрлерін егу мүмкіндігі қарастырылған.
Көгалдандырудың негізгі мақсаты – елді мекендердің көркін арттырумен ғана шектелмейді. Аудан үшін экологиялық тұрғыдан өзекті мәселелердің бірі – жел көтерген құм мен шаңның таралуын азайту. Осы бағытта жасыл желек табиғи қорғаныш белдеудің қызметін атқармақ.

– Жел тұрған кезде аудан аумағында шаң көтеріліп, құмның қозғалысы байқалады. Осы мәселені азайту үшін ауылдар арасын жасыл желекпен байланыстыратын белдеу жасауды жоспарлап отырмыз. Бұл бағытта жерлерді зерттеп, қандай ағаш түрлерін отырғызуға болатынын анықтадық. Алдағы уақытта көшеттерді кезең-кезеңімен отырғызып, құм көшкінін тежеуге және шаңды азайтуға бағытталған жұмыстар жүргізіледі,-дейді Нұрбол Амангелдіұлы.
Жобаның ауқымы да кең. Исатай ауданы Атырау–Астрахань бағытындағы автомобиль жолының бойында орналасқандықтан, негізгі магистраль маңын көгалдандыруға ерекше мән берілмек. Ауылдар арасындағы аумақтарға жасыл белдеу қалыптастыру арқылы ауданның экологиялық жағдайын жақсарту көзделіп отыр.
Жобаға қажетті жұмыстарды нақтылау мақсатында топырақ үлгілері алынып, арнайы зерттеу жүргізілген. Бұл іске Ақтөбе облысынан мамандар шақырылып, жердің құрамына талдау жасалған. Соның негізінде аудан жағдайына сәйкес келетін ағаштар мен бұталардың түрлері сараланған.
Қазіргі таңда ауқымды жобаларды іске асыру үшін облыстық бюджеттен қаржы қарастыру жөнінде ұсыныстар берілген. Қаржы бөлінген жағдайда ауылдар арасындағы аумақтарды кезең-кезеңімен көгалдандыру, жасыл желектерді күтіп-баптау және қорғаныш белдеулерін қалыптастыру жұмыстары қолға алынбақ.
Исатайдағы бұл бастама – бір күндік тазалық шарасынан гөрі, ауданның табиғи ортасын ұзақ мерзімге жақсартуға бағытталған кешенді жұмыс. Жердің ерекшелігін ескеріп отырғызылған әрбір тал ертеңгі күні елді мекендерді шаң-тозаңнан қорғап, табиғи ортаның тұрақтылығын сақтауға үлес қосатын жасыл қалқанға айналмақ.
Ж.МЫҢҒҰЛ


