Исатайдағы вокзал жаңарды

 

Исатай ауылындағы теміржол вокзалының жаңғырту жұмыстары аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Ауыл тұрғындары көптен күткен қуанышты күннің куәсі болып, жаңарған вокзалдың ашылу салтанатына қатысты. Бұған дейін аудан орталығы Аққыстау ауылындағы теміржол вокзалы жаңартылып, пайдалануға берілген болатын. Енді аудан аумағындағы екінші теміржол вокзалы – Исатай станциясындағы нысан да заманауи талаптарға сай қайта түлеп, жолаушыларға есігін айқара ашты.

 

 

Бұл игі іс Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан еліміздегі теміржол вокзалдарын қайта жаңарту және жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарламаның нәтижесі. Аталған бағдарлама аясында 2025 жылы республика бойынша 124 теміржол вокзалын кешенді жаңғырту жұмыстары басталған еді. Бұған дейін еліміздегі вокзалдардың шамамен 70 пайызы 30 жылдан астам уақыт бойы күрделі жөндеусіз пайдаланылып келген. Осы мемлекеттік бағдарлама аясында Атырау облысындағы жаңғыртылатын 9 теміржол вокзалының қатарында Исатай ауданындағы екі вокзал да бар.

 

 

Салтанатты шараға аудан әкімі Нұрым Мусин, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы – «Атырау магистралдық желі бөлімшесі» филиалының директоры Аралбай Қосымбаев, теміржол саласының ардагерлері мен ауыл тұрғындары қатысты. Алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімі Нұрым Мусин ауыл тұрғындарын көптен күткен қуанышымен құттықтап, жаңа нысанның ел игілігіне қызмет ететініне тоқталды.

– Ардагер теміржолшылардан естіп отырмыз, осы жерде тұрған бұрынғы вокзалдың іргесі шамамен 50 жыл бұрын қаланған екен. Қазақта «Елу жылда – ел жаңа» деген жақсы сөз бар. Бүгін біз осы сөздің мәнін тағы бір мәрте сезініп, араға жарты ғасырға жуық уақыт салып, жаңа вокзалдың ашылуына куә болып отырмыз. Бұл – ауыл тұрғындары үшін ғана емес, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін де маңызды оқиға. Жаңа вокзал – ел мен елді, ауыл мен ауылды жалғайтын күре жолдың бойындағы заманауи нысан. Сонымен қатар бұл – халыққа қолайлы жағдай жасауға бағытталған игі бастамалардың нақты көрінісі. Осы қуанышты күнге жетуге атсалысқан барша азаматтарға, құрылыс жұмыстарына үлес қосқан мамандарға және теміржол саласының ардагерлеріне алғысымды білдіремін. Жаңарған вокзал халық игілігіне ұзақ жылдар бойы қызмет етсін! – деді Нұрым Бекежанұлы.

 

 

Салтанатты шара барысында аудан әкімі атынан мердігер мекеме өкілдері мен теміржол саласының бірқатар қызметкерлеріне алғыс хаттар табысталды. Келесі сөз кезегін алған «Атырау магистралдық желі бөлімшесі» филиалының директоры Аралбай Қосымбаев вокзалды жаңғырту жұмыстарының ерекшеліктеріне тоқталды. Оның айтуынша, Исатай теміржол вокзалын жаңғырту барысында жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған кешенді құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілген.

 

 

Жаңарған вокзалдың символикалық кілтін табыстау құрметіне Ташкент теміржол институтының түлегі, мемлекеттік қызметтің ардагері, мемлекет және қоғам қайраткері, Мақат, Исатай аудандарының және Атырау облысының Құрметті азаматы Нүрпейіс Мақашев ие болды. Ардагер ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді. Сондай-ақ вокзал ғимаратының ашылу лентасын қию құрметі ауыл тұрғыны, ардагер теміржолшы, Исатай ауданының Құрметті азаматы Айдолла Нұрсапаұлына, аудан әкімі Нұрым Мусинге және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы – «Атырау магистралдық желі бөлімшесі» филиалының директоры Аралбай Қосымбаевқа ұсынылды.

 

 

Мамандардың айтуы бойынша нысанның қасбеті мен ішкі бөлмелері толық жөнделіп, инженерлік желілер, жылу, сумен жабдықтау және электр жүйелері жаңартылған. Жолаушыларға арналған заманауи күту залдары жасақталып, навигация жүйесі жетілдірілген.

 

 

Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орта қалыптастыруға басымдық берілген. Вокзалда олар үшін арнайы күту бөлмесі қарастырылса, ана мен балаға арналған жеке бөлме де жасақталған. Мұның барлығы жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, вокзалдың жайлы әрі заманауи нысан ретінде жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

 

 

Жарты ғасырға жуық тарихы бар Исатай вокзалының жаңаруы – уақыт талабына сай жасалған маңызды қадам. Бұрынғы нысанның орнына жаңарған, жолаушыларға барлық қажетті жағдай жасалған вокзалдың бой көтеруі ауылдың ажарын айшықтап қана қоймай, тұрғындардың теміржол қызметін пайдалануына жаңа мүмкіндік берді.

 

 

Ел мен елді жалғаған теміржол бойындағы жаңа вокзал ендігі жерде Исатай ауылының көркіне көрік қосып, талай жолаушының ақ жолын шығарып салатын, талай сапардың бастауы болатын берекелі нысанға айналмақ.

 

 

Еркебұлан УАЛИТХАН

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT