Ішімдік – іштен ірітетін індет

ашық дереккөзден

 

Адамзат тарихында талай қауымды құлатқан, талай шаңырақты шайқалтқан бір ғана дерт бар – ол ішімдікке тәуелділік. Ортағасырлық ғұлама Әбу Лайс Самарканди «Бір қауымның жер бетінен жойылып кетуіне себеп болатын дүниенің бірі – арақ» деп бекер айтпаған. Өйткені ішімдік – адамның ақыл-есін тұмшалап қана қоймай, оның адамдық болмысын да біртіндеп жояды.

Бүгінгі қоғамда бұл мәселе жеке адамның әлсіздігі ретінде ғана емес, тұтас отбасының тағдырына әсер ететін әлеуметтік дертке айналып отыр. Араққа тәуелділік – бір адамның таңдауы сияқты көрінгенімен оның салдары ең алдымен отбасы мүшелерінің жан дүниесіне жара салады. Әсіресе, әке бейнесі әлсіреген, мейірімнің орнын ашу мен зорлық басқан отбасында өсіп келе жатқан бала үшін бұл – өмір бойы жазылмас жара.

Мамандардың айтуынша, психикалық ауытқуларға ұшыраған жандардың едәуір бөлігінің балалық шағы дәл осындай күйзелісті ортада өткен. Үнемі жанжал, қорқыныш, сенімсіздік жайлаған үйде өскен бала өз ойын ашық жеткізе алмайтын, тұйық, жасқаншақ болып қалыптасады. Ал кейбірі өмірдің ауыр соққысын көтере алмай, сол қасіретті тағдырды қайталауы да мүмкін. Бұл – құрғақ статистика емес, тірі тағдырлар.

Ішімдік атаулының «жеңілі» мен «ауырын» бөліп қарау – көп жағдайда өзін-өзі алдаудың бір түрі ғана. Сырадағы 3-6 пайыздық алкоголь де, шараптағы 10-14 пайыз да, күшті ішімдіктердегі 40-50 пайыздық құрам да адам ағзасына түскен сәттен бастап өз әсерін тигізбей қоймайды. Айырмашылық тек оның жылдамдығы мен салдарында. Адам қанына түскен алкогольдің аз ғана мөлшері алғашында білінбеуі мүмкін. Бірақ көрсеткіш сәл артқанның өзінде-ақ көру қабілеті әлсіреп, қозғалыс үйлесімі бұзылады, ойлау жүйесі тежеледі. Осы тұста адам өз әрекетін бақылаудан шығарып, артық сөйлеп, орынсыз қылықтарға барады. Демек ішімдіктің әсері бір сәттік масайраумен шектелмейді. Ол адамның денсаулығына ғана емес, санасына, мінезіне, тіпті тағдырына әсер ететін күрделі әрі қауіпті құбылыс.

Дәрігерлердің дерегіне сүйенсек, ішімдік асқазанға түскеннен кейін небәрі екі минуттың ішінде қанға сіңе бастайды. Сол сәттен бастап ол қан арқылы бүкіл ағзаға таралып, ең алдымен адамды адам ететін – ми қызметіне соққы береді. Әсіресе үлкен ми сыңарларының жасушалары алкогольдің алғашқы «нысанасына» айналады. Нәтижесінде адамның қимыл-қозғалысы мен әрекетке жауап беру қабілеті баяу-лап, үйлесімсіздік пайда болады.Ішімдік әсері тереңдеген сайын ми қыртысының маңдай бөлігіндегі жасушалар зақымдалады. Бұл – адамның мінез-құлқы мен эмоциясын басқаратын ең маңызды аймақ. Сол себепті ішімдікке мас болған адам себепсіз күліп, орынсыз қуанып, өзін-өзі бақылаудан айырылады. Көп жағдайда ол сау кезінде айтуға ұялатын сөздерді айтып, ойланбай әрекет етеді. Бұл – жай ғана көңіл-күйдің өзгеруі емес, мидың басқару жүйесінің уақытша «сөнуі». Алкогольдің ең қауіпті тұсы – жоғары дәрежелі жүйке орталықтарын әлсіретіп, оларды төменгі жүйке жүйесін реттей алмайтын күйге түсіруі. Соның салдарынан адамның көз қозғалысы бұзылып, тепе-теңдік сақтай алмайды, жүрісі шайқалып, тілі күрмеледі. Яғни, сырт көзге «масаю» болып көрінетін бұл белгілердің астарында ағзаның күрделі жүйелерінің істен шығуы жатыр. Осылайша ішімдік адамды бір сәттік елітумен ғана алдамайды – ол оның миына тікелей әсер етіп, ойлау, сезіну, әрекет ету қабілеттерін біртіндеп әлсіретеді. Бір сәттік елігудің соңы кейде бүкіл өмірге жететін өкінішке ұласуы мүмкін. Сондықтан ішімдіктің зардабын түсіну – әр адамның өзіне де, қоғамға да жауапкершілікпен қарамағанының көрінісі.

 

Әсел ТАБИҒАТОВА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT