Әйелдің әлеуеті – қоғам дамуының қозғаушы күші. Бүгінде нәзік жандардың білім алып, кәсіп меңгеріп, экономикалық белсенділігін арттыруына бағытталған бастамалар күн өткен сайын көбейіп келеді. Осындай игі істердің бірі – аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, әлеуметтік тапсырыс аясында ұйымдастырылған «Іскер ана – жаңа мүмкіндіктердің иесі» атты оқыту курсы. Аталған жоба «Алтын тұғыр» қоғамдық қоры ұйымдастыруымен жүзеге асып, жұмыссыз және бала күтіміндегі аналарға жаңа бағытта дамуға мүмкіндік беруді мақсат етті. Курс барысында қатысушыларға бүгінгі еңбек нарығында сұранысқа ие заманауи мамандықтар бойынша тәжірибелік сабақтар ұсынылды. Оқыту бағдарламасына арнайы шақырылған мамандар өз салаларының қыр-сырымен бөлісті.
Облыстан арнайы келген жасанды интеллект маманы Әлия Қабдолова цифрлық дағдыларды меңгерудің маңызын түсіндіріп, заманауи технологияларды тиімді қолдану жолдарын көрсетті. Ал визажист Күнсұлу Шопанова сұлулық индустриясындағы жаңа трендтермен таныстырып, тәжірибелік кеңестер берді. Сондай-ақ балалар массажисті Гүлжеміс Даржігіт ана мен бала денсаулығына пайдалы массаж түрлерін іс жүзінде көрсетіп, қатысушылардың қызығушылығын арттырды. Жалпы жобаға әртүрлі бағытқа қызығушылық танытқан 50-ге жуық қыз-келіншек қатысып, өз мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңа дағдыларды игеруге жол ашты.
Әр бағыт бойынша ұйымдастырылған шеберлік сағаттарының қатысушыларына аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ринат Есқали ізгі тілегін білдіріп, алған білімдерінің нәтижелі болуына сенім білдірді.
Оқыту барысында облыстан арнайы келген спикерлердің бірі визажист Күнсұлу Шопанова да курс барысында қыз-келіншектерге сұлулық саласының қыр-сырын таныстырды. Маман теориялық түсіндірмемен шектелмей, макияж жасаудың негізгі кезеңдерін практика жүзінде көрсетіп, қатысушылардың өздері де қолданып көруіне мүмкіндік берді. Бұл сабақ қыз-келіншектер үшін ерекше қызықты өтіп, олардың сұлулыққа деген көзқарасын жаңаша қалыптастыруға ықпал етті.
Одан бөлек жоба аясында Әлия Қабдолова қатысушыларға заманауи цифрлық мүмкіндіктерді кеңінен таныстырды.
– Бүгінде жасанды интеллект – уақыт талабы. Әсіресе аналар үшін үйде отырып-ақ табыс табуға мүмкіндік беретін құралдардың бірі.Осы курс барысында фото монтаж жасаудың тиімді жолдарын, сол фотолар негізінде қысқа видеолар құрастыру тәсілдерін үйренесіздер. Сондай-ақ ChatGPT және Gemini сияқты тағы да басқа танымал платформалардың мүмкіндіктерімен танысып, мәтіннен бастап визуалды контентке дейін қалай жасауға болатынын іс жүзінде көре аламыз. Сонымен қатар жасанды интеллект арқылы видео генерациялаудың қыр-сырын меңгеріп, оны әлеуметтік желіде тиімді қолдану жолдарын қарастыруға болады,-деді ол өз сөзінде.
Жалғасы газеттің №17 (4282) санында
Сағыныш ҚАЙЫР

