Қауіпсіз қоғам кездейсоқ қалыптаспайды. Ол әр отбасының ішкі мәдениетінен, ата-ананың жауапкершілігінен, баланың бойына сіңген тәрбиеден бастау алады. Осыны терең түсінген аудандық білім бөлімі «Саналы ұрпақ – қауіпсіз қоғам» тақырыбында ауқымды ата-аналар конференциясын ұйымдастырып, қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық талқылауға жол ашты.
Жиынның басты көздегені – бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру және отбасы мен мектеп арасындағы ынтымақтастықты күшейту болды. Сонымен қатар қоғамда белең алып отырған түрлі келеңсіз жағдайлардың алдын алу да негізгі назарда тұрды. Конференцияға ата-аналар, мектеп директорлары, ұстаздар, құзырлы орган өкілдері мен сала мамандары қатысып, мәселені жан-жақты қарастырды.
Алғаш болып сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Махмудақызы саналы ұрпақ тәрбиелеудің маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, қауіпсіз әрі тұрақты қоғам қалыптастырудың бірден-бір жолы – тәрбиеден басталады. Бұл бағытта ата-ана мен мектептің өзара байланысы үзілмеуі тиіс.
Жиын екі бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлім мазмұндық тұрғыда өте маңызды тақырыптарды қамтыды. LED экран арқылы көрсетілген әлеуметтік бейнероликтер ата-аналарға ой салды. Соның алғашқысы – отбасылық зорлық-зомбылық мәселесіне арналды. Бұл тақырып аясында заң талаптары түсіндіріліп, бала құқығын қорғау бағытында нақты мәліметтер берілді.
Аудан прокуратурасының прокуроры Ажар Артурқызы өз сөзінде отбасындағы жанжалдың бала тәрбиесіне тигізер кері әсерін нақты мысалдармен жеткізді. Оның сөзінше, ата-ананың балаға көңіл бөлмеуі, үнемі жұмысқа сілтеп, тәрбиеден шет қалуы, сондай-ақ баланың көзінше жанжал шығару – оның психологиясына ауыр соққы. Мұндай жағдайда бала ата-анасына деген сенімін жоғалтып, тұлғалық дамуына кері әсер алады. Оған қоса отбасындағы зорлық-зомбылыққа куә болған адамдардың бейжай қалмай, 102 нөміріне хабарласуы қажеттігі ескертілді. Бұл – біріншіден, әйел құқығын қорғау, екіншіден, қоғамдық тыныштықты сақтау үшін маңызды. Заң бойынша мұндай әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғаны да атап өтілді.
Келесі бейнеролик интернет алаяқтық, жалған чек жасау және қаржылық сауаттылық тақырыптарына арналды. Аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Руслан Бағытов нақты бір оқиғаны мысалға келтірді.
– Өткен жылы аудан аумағындағы «Райымбек» дүкенінде екі жасөспірім жалған чек көрсетіп, сауда жасаған. Бейнебақылау камераларының көмегімен олардың кім екені анықталған. Балалар бұл әрекеттерін «ойын» деп түсіндіргенімен заң алдында бұл алаяқтық болып есептеледі. Кәмелетке толмағандықтан жауапкершілік ата-аналарына жүктеліп, оларға айыппұл салынды. Бұл жағдай ата-аналарға балалардың әр қадамын бақылап отырудың маңызын көрсетті,-дейді полиция капитаны.
Аталған мәселелер төңірегінде ата-аналар арасында пікірталас та өрбіді. Кейбірі балаларды қатаң тәртіпте ұстап, ұялы телефондарын шектеу керек десе, енді бірі қазіргі балалардың мұндай бақылауға көнбейтінін алға тартты. Солардың бірі – қамысқалалық ана өз тәжірибесімен бөлісіп, ата-аналық бақылау бағдарламалары арқылы балаларының интернеттегі әрекеттерін қадағалап отырғанын айтты. Оның сөзінше, әр баланың мінезі әртүрлі болғандықтан оларға тек шектеу қою жеткіліксіз, ең бастысы – ашық сөйлесіп, түсіндіру.
Конференция барысында тағы бір өзекті мәселе – вакцинация тақырыбы қозғалды. Соңғы уақытта кейбір ата-аналардың екпеден бас тартуы балалардың денсаулығына қауіп төндіріп отырғаны айтылды. Бұл бағытта емхана мамандары екпенің маңыздылығын түсіндірсе, теолог маман діни тұрғыдан дұрыс ақпарат берді. Осылайша ата-аналардың күмәнін сейілтуге тырысқан кешенді түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары ата-аналарға арнайы жадынама таратып, қауіпсіздік шаралары жөнінде кеңес берді.
Жиын әрі қарай еркін форматтағы сұрақ-жауап алаңына ұласып, ата-аналар өздерін толғандырған мәселелер бойынша мамандардан толыққанды жауап алды. Жиын өнер мектебі оқушыларының концерттік бағдарламасымен жалғасып, кеңестің мазмұнын әсерлі түрде түйіндеп, қатысушыларға ерекше көңіл-күй сыйлады.
Жұлдыз АМАНКЕЛДІҚЫЗЫ

