Отбасы – адамзат қоғамының алтын діңгегі, ұлттың рухани тамыры. Әрбір шаңырақтағы жылылық пен татулықтың бастауында ананың мейірімі, ананың тәрбиесі тұрады. Ана – тек отбасының берекесін кіргізетін жан ғана емес, қоғамның дамуына өз үлесін қосатын ерекше тұлға. Оның парасаты, төзімі мен еңбегі арқылы ұрпақ тәрбиеленіп, елдің ертеңі қалыптасады.Сондықтан әйелдердің қоғамдағы орнын айқындап, олардың білім алуына, кәсіби дамуына, рухани кемелденуіне қолдау көрсету – болашаққа жасалған маңызды қадам. Отбасы құндылықтарын дәріптеу арқылы ғана саналы ұрпақ өсіп, қоғамның іргесі берік бола түседі.
Осы мақсатта аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің тапсырысына сәйкес «Әйел бақыты – ел бақыты» атты аудандық форум ұйымдастырылды. Тағылымды шараға аудан әкімі Нұрым Бекежанұлы, облыстық қоғам белсенділері бастаған құрметті қонақтар, ауылдық округтерден аналар кеңесінің төрайымдары, әр салада еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер және гендерлік комиссия мүшелері қатысты. Форумның негізгі мақсаты – әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру, олардың әлеуметтік, мәдени және рухани дамуына қолдау көрсету, отбасы құндылықтарын дәріптеу және қыз-келіншектердің белсенділігін арттыру.

Форум аясында ауданның іскер әйелдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Жеке кәсіппен айналысып жүрген нәзік жандар өз қолдарынан шыққан қолөнер бұйымдары мен түрлі өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Көрмеде ұлттық нақыштағы бұйымдар, тұрмыстық заттар мен тағам өнімдері қойылып, аудан әйелдерінің еңбекқорлығы мен шеберлігі айқын көрінді. Форум одан әрі спикерлердің мазмұнды пікір алмасуымен жалғасты. Шарада сөз алған ауданның Құрметті азаматы, Тұщықұдық ауылдық округінде ұзақ жылдар аналар кеңесінің төрайымы болған Балғаным Қуандыққызы өзінің тәжірибесімен бөлісті. Ол 46 жыл бойы аналар кеңесін басқарып, ауылдағы отбасылық тәрбие мен қоғамдық бірлікті нығайтудағы қызмет жолын атап өтті.

Балғаным Қуандықызы ананың қоғамдағы орны, «ана» ұғымының қасиеті мен мағынасына терең тоқталды. Форум барысында ауданның тағы бір Құрметті азаматы, медицина саласының ардагері Күләш Қартаменқызы да сөз алып, өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Ол бүгінгі қоғамдағы демографиялық мәселелерге тоқталып, қазіргі таңда бала туу көрсеткішінің төмендеп бара жатқанын атап өтті. Сонымен қатар кейбір аналардың өз денсаулығына жеткілікті көңіл бөлмейтінін айтып, дені сау ұрпақ тәрбиелеу үшін алдымен ананың денсаулығы мықты болуы керектігін жеткізді. Оның айтуынша, ана иммунитеті баланың денсаулығына тікелей әсер етеді, сондықтан әйелдер өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Форумда кәсіпкерлік саласында да табысты еңбек етіп жүрген нәзік жандардың тәжірибесі айтылды. Солардың бірі – Аққыстау ауылынан шыққан жас кәсіпкер, «Оксана Бисембай» жеке брендінің иесі Оксана Бисенбайқызы. Ол тек кәсіпкерлікпен айналысып қана қоймай, өз брендін қалыптастырып, аудан жастарына үлгі болып отыр. Кәсіпкер өз жетістіктерінің тарихымен бөлісіп, форумға қатысқан қыз-келіншектерге жігер беріп, өз ісін бастауға мотивация сыйлады. Шараға арнайы Атырау қаласынан келген қоғам белсендісі, «Аналарға көмек қолдау» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Сандуғаш Сырымқызы да мазмұнды баяндама жасады. Оның айтуынша, әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыру – бүгінгі күннің маңызды мәселелерінің бірі. Себебі түрлі алаяқтық әрекеттерге көбіне әйел адамдар алданып қалатынын атап өтті. Атқарылып жатырған жүйелі жұмыстардың арқасында соңғы уақытта шағымданушылар санының азайғанын да алға тартты. Дегенмен аналар мен қыз-келіншектердің құқықтық білімін арттыру үшін көбірек оқып, өз құқықтарын жетік білуі қажет екенін ерекше атап өтті.

— Қазіргі таңда өкінішке қарай, алдайтындар да, алданатындар да көбіне әйел адамдар болып отыр. Әлеуметтік желіде жеке парақшасын әдемілеп безендіріп, өзін блогер ретінде көрсетіп, қыз-келіншектердің сеніміне кіретіндер аз емес. Солардың сөзіне сеніп, тіпті несие алып беретін жағдайлар да кездеседі. Бірде осындай жағдайға тап болған Аққыстау ауылының бір келіншегі маған хабарласып, көмек сұрады. Өзін қайырымдылық блогері санап жүрген бір адам оған несие алдыртып, бірнеше ай бойы төлемей жүргенін, ал бұл жағдайдан жолдасының хабарсыз екенін айтып, қатты алаңдағанын жеткізді. Мен сол адаммен сөйлесіп, қажет болса заң жүзінде арызданатынымызды ескерттім. Нәтижесінде алынған несиені толықтай қайтарып беруге мәжбүр болды. Өкінішке қарай, кейбір әйелдер оңай ақшаға қызығып, артынан оның ауыр салдарын түсініп, өкінішке қалып жатады. Тағы бір мәселе – көптеген адамдар арызды қалай дұрыс жазу керектігін білмейді. Соның салдарынан олардың өтініштері кейде қараусыз қалып жатады. Сондықтан әкімдік тарапынан құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған іс-шаралар көбірек ұйымдастырылса деген тілегіміз бар,-дейді қоғам белсендісі.
Сонымен қатар ол аналардың білімсіздігі мен құқықтық сауаттылығының төмендігі болашақ ұрпақтың тәрбиесіне де әсер ететінін атап өтті.
— Ана сауатсыз болса, сол сауатсыздығымен бала тәрбиелейді. Сол себепті ертең сауатсыз ұрпақ өсіп шықпай ма деп алаңдаймын. Бүгінде отбасына мейірімін төгетін аналардың да азайып бара жатқаны жасырын емес. Балаға көңіл бөлу тек оның керекті заттарын алып берумен ғана шектелмеуі керек. Ең алдымен балаға ананың мейірімі мен жылуы қажет. Мен есірткімен ұсталған кейбір жастармен сөйлескен кезде олардың бұл жолға түсуінің басты себебі – отбасындағы мейірім мен жылылықтың жетіспеуі екенін аңғардым. Көпшілігінің материалдық жағдайы жаман болмаған, бәрі бар. Бірақ ата-анасының назары мен қамқорлығы жетіспеген. Сондықтан аналарға айтарым – отбасына, бала тәрбиесіне көбірек көңіл бөліп, баланың жан дүниесіне үңіле білсе екен. Өйткені отбасыға жетер байлық жоқ!-дейді ол.
Форум барысында айтылған әрбір пікір мен өмірлік тәжірибе қатысушыларға үлкен ой салды. Әр салада еңбек етіп жүрген әйелдердің өмір жолы, жетістіктері мен қажырлы еңбегі жастарға үлгі болып, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға серпін берді.

«Әйел бақыты – ел бақыты» атты бұл форум әйелдердің қоғамдағы орны мен рөлін тағы бір мәрте айқындап, олардың отбасы мен қоғам алдындағы жауапкершілігінің маңызын көрсетті. Шара барысында көтерілген мәселелер мен айтылған тағылымды ойлар қыз-келіншектерге рухани қолдау болып, жаңа бастамаларға жігер берді. Өйткені бақытты ана – берекелі отбасының тірегі, ал берекелі отбасы – қуатты қоғамның негізі. Сондықтан мұндай мазмұнды кездесулер мен форумдар әйелдердің бір-бірімен тәжірибе алмасуына, қоғамдағы өз орнын нығайтуына және отбасы құндылықтарын дәріптеуге үлкен мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Еркебұлан УАЛИТХАН

