Отбасылық өмірдің қиындығы мен қызығы көп. Онда қуаныш та көп, өкініш те орын алып жатады. Бір жақсылық жаныңды жадыратады, бір жамандық мұңға батырады. Тіпті сондай көңілге көлеңке түсірер жайттардан соң тыныш тірлігі ту-талақай болған шаңырақтарды да көріп жүрміз. Сондай жағдайларды естіп-білгенде, «шіркін-ай, әр босағада отбасы құндылықтарына негіз құрайтын сыйластық, қимастық жайттар көбірек кезіксе ғой» деп тілек етесің.
Бұл тақырып төңірегінде адамға ой саларлық дүниелер аз емес. Бейнеулік Мұрат Кенжебаевтың сондай бір жазбасында баяндалған жайттар еріксіз елең еткізді. Бас-аяғы ықшам, шап-шағын жазбаны оқи отырып, еріксіз ойға кеттім. Қуантқаны, сол жазбадағы тоғыз жасар ұлдың ыстық ұя – үйіне жылу ұялатқан әрекеті болды.
Шағын дүниедегі жағдайды қысқаша баяндасам, бәрі жұмыстан бұлқан-талқан болып келген отағасының қарекетінен басталады. Сөйтсек, аяғындағы аяқ киімінің босап кеткен бір шегесі өкшесін қажап, жүйкесіне тиіпті. Әлгі «пәлені» аяқ киімін шешкен бойында бір шұқып қараған ол онысын лақтыра салады. «Ашу алдында, ақыл соңында жүреді» деуші ме еді, алдынан шығып, жағдайын сұраған қарт анасына да «дүңк» ете түседі. Қарт ана: «басың аман болса болар» деп үнсіз қалады.
«Әкесі, не болды, көңіл-күйің нашар ғой» деп ас үйден сөйлей шыққан әйеліне де «...бар, жоғалшы ербимей» деп «сыбағасын» берулі. Бұндай сәтте бірдеңе деуге болмайтынын сезген ақылды әйелі, көзіне кеп қалған жасты көрсетпей, ас үйге кері оралуға мәжбүр.
Оқып отырып, «апыр-ай...» деп қалғанбыз. Бір сәт шұлығын шешіп, әбден жүйкесіне тиген жарақатты, залалсыздандырып, йод жағып болған әкесінің қасына 9 жасар ұлы келеді. «Әке мына шеге екен қадалып тұрған. Бұл шеге сіздің аяқ киіміңізге емес, әжем мен маманың жүрегіне де қадалды ғой, мен суырып алдым» дегенінде әкесі аңырап тұрып қалады.
Бір бөлмеде теледидар қарап отырған қарт анасының қасына жалаң аяқ қипақтай жеткен ол «Апа, ренжімеші, ана бір шегесі түспегір, жыныма тиіп, әбден мазамды алды..., апа, сізге ұрысайын демеп едім» деп анасын құшақтай алады. Әйелінің алдында кішірейгісі келмесе де «... ашуым кеп келіп ем» дейді... Ақылды ана да, сұңғыла жары да оны түсінеді... Үйге жайма-шуақ шақ қайтып оралады...
«Ашумен абайсызда айтылған әрбір сөз жақындарымыздың жүрегіне қадалар шеге екенін ұмытпайықшы» деп қорытыпты әңгімесін автор. Ал мені қуантқаны ақылды ұлдың әрекеті еді. Балаларымыз түзу тәрбие алып өскей!
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР



