Өткен аптада «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық тұжырымдамасы аясында «Таза Қазақстан – ортақ құндылық» атты экомарафон ұйымдастырылды. Аудандық білім бөлімі және аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қарасты «Таза Исатай» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны бірлесіп өткізген шараға мектеп оқушылары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Экомарафонның ерекшелігі – қатысушылардың қоршаған ортаға қатысты жауапкершілікті іс жүзінде көрсетуінде. Шараның алғашқы кезеңінде мектеп командаларына арнайы аумақтар бөлініп, белгіленген уақыт аралығында тазалық жұмыстарын жүргізді. Командалардың нәтижесі жиналған қалдықтардың жалпы салмағына қарай сараланды. Бұл жерде мәселе кімнің көбірек қоқыс жинағанында ғана емес. Осындай жарыс арқылы оқушылардың назарын қоқыстың қоршаған ортаға әсеріне, тазалықты сақтаудың маңызына аудару көзделді. Себебі экологиялық мәдениет бір күнде қалыптаспайды. Ол баланың қоқысты кез келген жерге тастамауынан, пайдаланылған заттың қайта өңделуі мүмкін екенін түсінуінен және өз ауласының тазалығына немқұрайды қарамауынан басталады.

Шара аясында ұйымдастырылған «Қалдықтарға екінші өмір сыйла» көрмесі де осы ойды толықтыра түсті. Мектеп оқушылары тұрмыстық қалдықтарды қайта пайдаланып, түрлі бұйымдар жасап, өз жұмыстарын көпшілік назарына ұсынды. Кеше ғана қажетсіз зат саналған дүниелердің шығармашылықпен қайта қолданылуы балаларға қалдықты азайтудың қарапайым жолдарын көрсетіп қана қоймай, тұтыну мәдениетіне де ой салды.
–Бұл экомарафон жылда дәстүрге айналған. Биыл үшінші рет өтіп жатыр. Әрине, жарты сағат не қырық минут ішінде барлық аумақты толық тазалап шығу мүмкін емес. Дегенмен мұндай шаралардың мәні тек жиналған қоқыстың көлемімен өлшенбейді. Аз да болса адамның санасына ой салады, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді. Осындай шараларды үздіксіз өткізе берсек, оның нәтижесі болады деп ойлаймын, – дейді аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Қырмызы Сыдықова.

Экомарафон барысында мектеп командалары арасында Мектеп-гимназия командасы І орынға, Абай атындағы орта мектеп командасы ІІ орынға, Өркен орта мектебінің командасы ІІІ орынға ие болды. Ал Аққыстау орта мектебінің командасы белсенді қатысқаны үшін Алғыс хатпен марапатталды.
Тазалық бастамасы мектеп қабырғасымен шектелмеді. Экомарафон аясында ауыл тұрғындары арасында макулатура жинау акциясы да ұйымдастырылды. Қағаз қалдықтарының әр килограмы 36 теңгеден қабылданып, акция нәтижесінде тұрғындардан 1 тоннаға жуық макулатура жиналды. Жалпы шара қорытындысында 235 келіден аса тұрмыстық қалдық жиналған. Бұл көрсеткіштің өзі бір ғана экомарафон барысында қанша қалдықтың ортақ іске айналдырылғанын аңғартады. Бірақ оның ең маңызды нәтижесі таразыдағы килограммен өлшенбейді.

Өйткені қоқысты жинау – мәселенің салдарын жою. Ал экологиялық мәдениет – сол қоқыстың көшеге түспеуіне ықпал ететін сана. Бүгін тазалық жұмысына қатысқан оқушы ертең өз үйінде қалдықты сұрыптауы, қағазды кез келген жерге тастамауы, табиғат аясында демалғаннан кейін орнын таза қалдыруы мүмкін. Осындай қарапайым әдеттердің қалыптасуы ғана ұзақ мерзімде нақты нәтижеге жеткізеді.

Жұлдыз СЕМБИЕВА



