«Қайта тергеуге жолданған іс жоқ, бұл – сапаның белгісі» - дейді аудандық сот төрағасы Мерлан Құсайынов

 

Сот төрелігі – мемлекеттің мызғымас тұғыры ғана емес, құқық пен әділет тоғысқан қасиетті кеңістік, қоғам сенімінің ең нәзік әрі ең берік таразысы. Заң үстемдігі қағаздағы қағидамен емес, нақты шешіммен, салмақты үкіммен, дәйекті ұйғарыммен өлшенеді. Сот залында айтылған әр сөз жауапкершілік жүгін арқаласа, қабылданған әр шешім – адам тағдырына тікелей әсер ететін маңызды белес. Сондықтан сот қызметі құрғақ статистикамен емес, сол көрсеткіштердің артында тұрған кәсібилікпен, адалдықпен және әділдікке деген берік ұстаныммен бағалануы тиіс. 

Өткен жылдың қорытындысы осы бағыттағы жүйелі жұмыстың, сапаға деген талаптың және қоғам алдындағы жауапкершіліктің нақты көрінісін айқындайды. Аудандық соттың атқарған жұмыстарының мән-маңызын, жетістіктері мен өзекті мәселелерін кеңірек тарқату мақсатында сот төрағасы Мерлан Құсайыновпен арнайы сұхбаттасқан едік.

– Мерлан Рахметоллаұлы, айтыңызшы, 2024 жылмен салыстырғанда 2025 жылы қылмыстық істердің қаралу көрсеткішінде қандай өзгеріс бар?
    
– Өткен жылмен салыстырғанда биыл қылмыстық істердің азайғаны бірден көзге түседі. 2024 жылы сотқа 30 іс түссе, биыл 22 іс қарауға алынған. Сегіз іске кеміген бұл көрсеткіш – жай ғана сандық айырмашылық емес. Бұл қоғамдағы құқықтық тәртіптің нығайып, алдын алу шараларының жүйелі жүргізіліп жатқанын аңғартады. Яғни құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар өз нәтижесін беріп отыр деуге негіз бар.Қаралған істердің мазмұнына үңілсек, сот жаза тағайындауда тепе-теңдік сақтағаны байқалады. Үкім шыққан 12 істің төртеуінде бас бостандығынан айыру жазасы қолданылса, тағы төртеуінде бас бостандығын шектеу жазасы берілген. Екі іс бойынша қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы тағайындалып, екі іс қысқартылған. Бұл – соттың әрбір істің мән-жайын ескеріп, жаза түрін жеке-дара айқындайтынын көрсетеді. Яғни, тек қатаңдық емес, әділдік пен заңдылық басшылыққа алынған. Сот жұмысының сапасын айқындайтын ең маңызды өлшем – қабылданған шешімдердің тұрақтылығы. Апелляциялық тәртіппен қаралған төрт істің барлығы өзгеріссіз қалуы – бірінші сатыдағы сот шешімдерінің заң талаптарына толық сай екенін білдіреді. Ал кассациялық тәртіппен бұзылған немесе өзгертілген істердің болмауы – сот актілерінің беріктігін айқын көрсететін көрсеткіш.Тағы бір назар аударарлық жайт, соңғы екі жылда бірде-бір іс қайта тергеуге жіберілмеген. Бұл істердің сапалы дайындалатынын, дәлелдемелердің толық зерттелетінін, процессуалдық талаптардың сақталатынын аңғартады. Осының бәрін жинақтай айтқанда, биылғы көрсеткіштер сан жағынан азайғанымен, сапа жағынан күшейгенін байқатады. Істердің азаюы, шешімдердің өзгеріссіз қалуы, қайта тергеуге жолданған істердің болмауы – сот төрелігінің тұрақтылығы мен кәсібилігінің нақты көрінісі.

– Ал өткен жылы сотталғандарға қатысты қандай жаза түрлері басым қолданылған және сот тәжірибесінде қандай ерекшелік байқалады?

– 2025 жылы үкім шығарумен аяқталған 12 қылмыстық істің құрылымына назар аударсақ, сот тәжірибесінде жазаны даралау қағидатының нақты сақталғанын көруге болады. Атап айтқанда, 4 іс бойынша бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған. Бұл – қоғамнан оқшаулаусыз, бірақ сотталған адамның мінез-құлқына бақылау орнату арқылы түзеуді көздейтін жаза түрі. Яғни сот әрбір істің мән-жайын, сотталушының жеке басын, жасаған құқық бұзушылықтың ауырлық дәрежесін жан-жақты саралап, баламалы жаза түрлерін қолдануға басымдық бергенін аңғартады. Сонымен қатар 4 іс бойынша бас бостандығынан айыру жазасының тағайындалуы қоғамға қауіптілігі жоғары құқық бұзушылықтарға қатысты қатаң құқықтық шара қолданылғанын көрсетеді. Бұл жерде соттың тек гуманизация бағытын ғана емес, сонымен бірге заң талаптарын мүлтіксіз орындау, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін де тең ұстағаны байқалады. 2 іс бойынша қоғамдық жұмыстарға тарту жазасының қолданылуы да – жазаның тәрбиелік және әлеуметтік мәніне басымдық берілгенінің дәлелі. Ал 2 қылмыстық істің қысқартылуы – тараптардың татуласуы немесе заңда көзделген өзге де негіздердің қолданылғанын білдіреді. Бұл – қылмыстық процестегі ізгілендіру үрдісінің нақты көрінісі. Тергеу судьясының 2025 жылғы қызмет көрсеткіштері де ерекше назар аудартады. Жыл ішінде 85 материал қаралып, оның 83-і қанағаттандырылған, тек 2-еуі бойынша бас тарту шешімі қабылданған. Бұл – сотқа жолданған өтініштердің басым бөлігі заң талаптарына сәйкес әрі негізді дайындалғанын және тергеу судьясының процестік шешімдерді жедел әрі құқықтық тұрғыдан дәл қабылдағанын көрсетеді. Мәселен, күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы 5 материалдың 3-еуі қанағаттандырылып, 2-еуі бойынша бас тарту болған. Бұл – соттың әрбір санкцияны автоматты түрде емес, нақты дәлелдерге сүйене отырып қарайтынын айғақтайды. Ерекше маңызды көрсеткіштердің бірі – апелляциялық және кассациялық сатылардағы сот актілерінің тұрақтылығы. Өткен жылы апелляциялық тәртіппен қаралған 4 қылмыстық істің барлығы өзгеріссіз қалдырылған. Ал 2024-2025 жылдар аралығында кассациялық тәртіппен бұзылған немесе өзгертілген істер мүлде болмаған. Сонымен қатар осы кезеңде қайта тергеуге жолданған қылмыстық істер тіркелмеген. Бұл деректер сот актілерінің заңдылығы мен негізділігінің жоғары деңгейде екенін, бірінші саты сотының дәлелдемелерді толық әрі жан-жақты зерттеп, процессуалдық нормаларды қатаң сақтай отырып шешім қабылдағанын көрсетеді. Яғни, сот төрелігінің сапасы тек шығарылған үкім санымен емес, олардың тұрақтылығымен, жоғары тұрған сот сатыларында қолдау табуымен өлшенеді. Жалпы алғанда, 2025 жылғы көрсеткіштер жазаны әділ даралау, процестік тәртіптің сақталуы, сот актілерінің тұрақтылығы және қайта тергеуге жолданған істердің болмауы сияқты маңызды индикаторлар арқылы сот төрелігінің сапасы мен сенімділігінің нығайғанын айқын көрсетеді.

– Қылмыстық істер бо-йынша сот актілерінің тұрақтылығы байқалғанын ескерсек, азаматтық істердегі өткен жылғы көрсеткіштер сот жұмысының сапасы мен дауларды шешу мәдениетінің өзгергенін қалай аңғартады?

 

– Ал енді қараңыз, қылмыстық істерде біз сот шешімдерінің тұрақтылығын көрдік — апелляцияда өзгеріссіз қалды, кассацияда бұзылған істер болмады, қайта тергеуге жолданған іс тіркелмеді. Бұл – бірінші саты сотының жұмысы сапалы деген сөз. Дәл осы үрдіс азаматтық істерде де байқалып отыр. 2025 жылы сотқа 513 арыз түскен. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда едәуір көп. Жүктеме артты. Бірақ соған қарамастан 457 іс аяқталған. Яғни сот тек істерді қабылдап қана қоймай, оларды уақытылы қарап, нақты нәтижеге жеткізіп отыр. Бұл – ұйымдастыру деңгейінің жақсарғанын көрсететін маңызды көрсеткіш. Ал енді осы тұста ерекше назар аударатын мәселе – медиация. 2025 жылы 120 іс медиация тәртібімен аяқталған. 2024 жылы бұл көрсеткіш 76 болған. Өсім – 44 іс. Пайыздық үлесі де 30,4-тен 37,7 пайызға көтерілген. Бұл жай сандар емес. Бұл қоғамда дауласу мәдениетінің өзгеріп жатқанын білдіреді. Тараптар сот арқылы тек жеңу немесе ұтылу жолын емес, келісімге келу жолын таңдауда. Ал сот бұл процесте бағыт-бағдар беріп, бітімге келуге жағдай жасап отыр. Сонымен қатар 257 іс оңайлатылған жазбаша тәртіппен қаралған. Бұл да – процестің жеделдігін арттырған фактор. Азаматтар үшін уақыт үнемделеді, сот үшін жүктеме тиімді бөлінеді. Апелляциялық сатыға келсек, өткен жылы 10 іс жолданып, оның 9-ы өзгеріссіз қалған. Бұл – бірінші саты сотының шешімдері негізді әрі заң талаптарына сай қабылданғанын көрсетеді. Ал 2024 жылы жойылған және өзгертілген шешімдер көбірек болған. Демек 2025 жылы тұрақтылық күшейген. Ең маңызды тұс – жүктеме артқанымен, сапа төмендемеген. Керісінше, аяқталған істер саны көбейген, медиация үлесі артқан, апелляцияда шешімдердің басым бөлігі күшінде қалған. Яғни, қылмыстық істердегі тұрақтылық азаматтық істерде де жалғасып отыр. Бұл – сот төрелігінің жүйелі түрде нығайып келе жатқанын, қабылданған шешімдердің сапасы мен негізділігі артқанын көрсететін басты көрсеткіш.

– Және соңғы сұрақ. Жүргізіліп жатқан құқықтық насихат пен білім беру жұмыстары сот жүйесінің рухани жауапкершілігін қалай айқындайды? Бұл бастамалардың түпкі мәні неде деп ойлайсыз?

– Соттың міндеті – тек үкім шығару емес, қоғамға құқықтың қадірін ұғындыру. 2025 жылдың екінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстардың әрқайсысы осы ұстанымнан туындады. Сот тәжірибесіне жасалған шолулар мен іс жүргізушілік мәселелерге жүргізілген талдаулар – сапаны арттыруға бағытталған ішкі жауапкершіліктің көрінісі. Ал ұжымдармен кездесулер, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» және Медиация туралы заң аясында өткізілген дәрістер – құқықтық сауаттылықты арттырудың нақты қадамы. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған жеті мақала – сот пен қоғам арасындағы ашық диалогтың айғағы. Судьялар мен мамандардың қатысуымен өткен 12 семинар, «дөңгелек үстелдер» мен семинар-тренингтер, брифингтер – кәсіби ізденістің, заңға адалдықтың белгісі. Әрбір маманның жеке жоспар бойынша заңдарды оқып-үйренуі – сот қызметінің үздіксіз даму үстінде екенін көрсетеді.Ұжым ішінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында тұрақты өткізілетін жедел мәжілістер мен пікір алмасулар – адалдық мәдениетін орнықтырудың тетігі. Өйткені әділ сот – тек заң нормаларының жиынтығы емес, ол – ар-ождан мен жауапкершіліктің өлшемі.Түптеп келгенде, құқықтық насихат – жай есеп үшін атқарылған жұмыс емес. Бұл – қоғам сенімін қалыптастыру жолындағы жүйелі еңбек. Әділдікке деген сенім сөзбен емес, іспен дәлелденеді. Ал сол сенімнің негізі – ашықтық, кәсібилік және заңға деген шынайы құрмет.

 

 

Жайна МӘЛІМҚОЖА, 
суретті түсірген: Еркебұлан ЗИНЕДЕН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT