Қоғам мен биліктің арасын жалғап, ел өміріндегі елеулі оқиғаларды жұртшылыққа жеткізіп жүрген журналистердің еңбегі қай кезеңде де құрметке лайық. Ақпарат айдынында аянбай еңбек етіп, шынайы сөз бен сапалы ақпараттың салмағын арттырып жүрген қаламгерлерге құрмет көрсету – мерейлі мамандық иелеріне деген ізеттің белгісі. Осы орайда 28-маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында аудан әкімінің орынбасары Рашид Тасанұлы «Нарын таңы» газеті редакциясының ұжымы мен сала ардагерлерін қабылдап, кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Кездесу барысында аудан әкімінің орынбасары бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы маңызына тоқталып, журналистердің ел өміріндегі жауапты міндетін ерекше атап өтті.
– Мемлекеттік маңызы бар мәселелерді насихаттап, қоғамдық сана жаңғыруының қозғаушы күшіне айналған бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы орны әрдайым бөлек. Бұл мереке – қалам ұстаған, сөз құдіретін түсінген барша азаматтардың ортақ мерекесі. Мерейлі мереке қарсаңында еңбектеріңізге шығармашылық шабыт, қаламдарыңызға қуат, отбасыларыңызға бақ-береке, ырыс-ынтымақ тілеймін, – деді ол өз сөзінде.

Еркін форматта өткен басқосуда ардагер журналистер де сөз алып, өздерінің ақжарма тілектерін жеткізді. Сонымен қатар, журналистика саласының дамуына қатысты ой-пікірлерін ортаға салған Ибатолла Сәтенұлы мен Мұрат Бектенов бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Олар мереке қарсаңында құрмет көрсеткен аудан басшылығына алғыстарын айтып, ізгі ниеттерін білдірді.

Шара барысында аудан әкімінің құттықтауымен ардагер журналист Ибатолла Сәтенұлы және жергілікті тілшілер Еркебұлан Уәлитханұлы мен Жұлдыз Сембиева марапатталды.

Кездесудің тағы бір ерекше сәті – Қазақстан Журналистер одағы аудандық ұйымының төрағасы Әбілмажан Шарапиденовтың тарихшы-өлкетанушы Мүтиғолла Насиханов пен «Нарын таңы» газетінің І санатты тілшісі Сағыныш Қайырға Қазақстан Журналистер одағының мүшелік куәлігі мен төсбелгісін табыстауы болды.

– Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіне қабылдану мен үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Өлке тарихын зерттеп, туған жердің шежіресін жинақтау жолындағы еңбегіміздің бағаланып, әріптестерімнен осы одаққа қабылдану жөнінде ұсыныс түсені мені шын қуантты. «Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай қажет. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр сықылды», – деп Ахмет Байтұрсынұлы бекер айтпаса керек. Бүгінде «Нарын таңы» басылым мыңнан астам таралыммен шығатын, өз үні, өз бағыты, тұрақты оқырманы бар аудандық маңызды газетке айналды. Оның беттерінен тек ресми жаңалықтар ғана емес, қарапайым халықтың тіршілігі, жастардың жетістігі, ауылдағы жақсы өзгерістер, мәдени шаралар мен әлеуметтік мәселелер де кең көрініс табады. Бұл – редакция ұжымының тынымсыз ізденісінің нәтижесі.Осындай қуанышты сәтте қолдау білдірген әріптестеріме, журналистер қауымына алғысымды білдіремін, – деді Мүтиғолла Насиханов.

Мерейлі мереке қарсаңында өткен бұл тағылымды кездесу журналистер қауымына көрсетілген құрметтің жарқын көрінісіне айналды.
Өз тілшіміз


