Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, сұрыптау және кәдеге жарату жүйесін жетілдіруге де ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Қазіргі таңда Аққыстау ауылдық округінің теңгерімінде жалпы аумағы 2,78 гектарды құрайтын екі қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бар. Оның ішінде аумағы 2,3 гектар болатын полигонды «Таза Исатай» КМК-ның теңгеріміне өткізу жұмыстары жүргізілуде.
Полигон кәсіпорын теңгеріміне алынғаннан кейін тиісті эмиссия рұқсатын алу жұмыстары басталады. Аққыстау ауылындағы полигонның материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 2022 жылы қалдықтарды сұрыптау қондырғысы, ал 2023 жылы қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауға арналған ангар сатып алынды.
Қазіргі таңда сұрыптау қондырғысы ангардың ішіне орнатылған. Аталған қондырғыны тиімді пайдалану мақсатында былтырғы жылы оны сенімгерлік басқаруға беру үшін электрондық порталға екі рет шығарылған. Алайда оған қызығушылық танытқан жеке кәсіпкерлер болмаған. Осыған байланысты сұрыптау қондырғысын «Таза Исатай» КМК-ның теңгеріміне беру және алдағы уақытта іске қосу жоспарланып отыр.
Сонымен бірге ауданда қалдықтарды басқару инфрақұрылымын кеңейту бағытында да жұмыстар қолға алынуда. Нарын ауылдық округінде заң талаптарына сәйкес қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салуға жер учаскесі қарастырылып, демеуші «ЛМ-Транспроект» ЖШС-нің қолдауымен жобалық құжаттама әзірлеу жұмыстары басталмақ.
Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ


