Қалтаңыздағы қаражатты қадағалай аласыз ба?

ашық дереккөзден

 

Ақша көбейген сайын емес, оны дұрыс басқара білген сайын адамның қаржылық жағдайы тұрақтанады. Бүгінде қаржылық сауаттылық жай ғана экономикалық ұғым емес, күнделікті өмірге қажет маңызды дағдыға айналды. Нарықтағы бағаның құбылуы, тұрмысқа қажетті тауарлар құнының өзгеруі, қаржылық алаяқтықтың сан түрінің пайда болуы – мұның бәрі әр азаматтан ақшасына мұқият қарауды талап етеді.

Осындай жағдайда табысты есептеу, шығынды бақылау, жинақ қалыптастыру және қаржылық тәуекелді алдын ала бағалау маңызды. Өйткені қаржылық сауаттылық – ақшаны үнемдеумен ғана шектелмейді. Ол өз табысын дұрыс жоспарлау, қажет пен қалаудың ара-жігін ажырату, қарызды жауапкершілікпен пайдалану және болашақты алдын ала ойластыру деген сөз.

Қаржылық сауатты адамды оның қанша ақша табатынына қарап емес, сол табысын қалай басқаратынына қарап бағалаған жөн. Үлкен жалақы алып, ай соңында қарыз іздейтін адам мен табысы орташа болса да, шығынын есептеп, тұрақты түрде жинақ жасайтын адамның қаржылық жағдайы бірдей емес. Демек, мәселе ақшаның көлемінде ғана емес, оны басқару мәдениетінде.

Бұл мәдениет адамның күнделікті шешімдерінен көрінеді. Банк қызметін пайдаланғанда шартты оқи ма, несие алар алдында оның жалпы құнын есептей ме, күмәнді инвестициялық ұсыныстарға сене салмай ма, күтпеген шығынға арналған қоры бар ма? Осындай қарапайым сұрақтардың жауабы қаржылық сауаттың нақты деңгейін көрсетеді.

Қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға бала кезден көңіл бөлудің де мәні осында. Ақшаның қадірін білу, қажетсіз шығыннан бас тарту, жинақ жасау және қаражатты жоспарлау дағдысы ерте қалыптасса, адамның ересек өміріндегі қаржылық шешімдері де соғұрлым саналы болмақ. Бұл – бір күнде үйренетін білім емес, күн сайын қалыптасатын әдет.

Экономикалық әдебиеттің классикасына айналған Джордж Клейсонның «Вавилондағы ең бай адам» еңбегінде табыстың бір бөлігін өзіңе және отбасыңның болашағына қалдыру қажеттігі айтылады. Мұндағы негізгі ой қарапайым: тапқан қаражаттың барлығын бүгінгі қажеттілікке жұмсамай, ертеңге де үлес қалдыру.

Мамандар да қаржылық сауаттылықты дәл осындай ұзақ мерзімді әдеттермен байланыстырады. «Қазақстанның қаржы мәдениеті» қоғамдық қорының бас директоры Нұркен Шардарбеков «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында қаржылық сауаттылықты тек ақша үнемдеумен шектеуге болмайтынын атап өткен. Оның пікірінше, жеке қаржыны басқару, бюджет құру, жинақ қалыптастыру, несие мен қарызды сауатты пайдалану және инвестициялық мүмкіндіктерді түсіну – қаржылық мәдениеттің маңызды көрсеткіштері.
Яғни қаржылық сауаттылық адамның қалтасында қанша ақша барымен емес, сол қаражатқа қатысты шешімді қаншалықты ойланып қабылдайтынымен өлшенеді. Табысқа ие болу бір бөлек, оны сақтап қалу және дұрыс бағыттай білу – екінші мәселе.

Қаржы сарапшысы Ерлан Кәрімов те азаматтардың жиі жіберетін қателіктерінің бірі – қаржылық тәуекелді дұрыс бағаламау екенін атап көрсетеді. Тұрақты жалақыға ғана сүйеніп, күтпеген жағдайларға дайындықты естен шығару адамның қаржылық тұрақтылығына әсер етуі мүмкін.

Сондықтан несие аларда ай сайынғы төлемге ғана емес, қарыздың жалпы сомасына, пайыздық мөлшерлемесіне, қосымша төлемдеріне және өтеу мерзіміне назар аударған жөн. Ал жинақтың мақсаты – жай ғана ақша жинау емес, күтпеген шығын кезінде қайтадан қарызға жүгінбеуге мүмкіндік беретін қаржылық қор қалыптастыру.

Қаржылық сауатты болу үшін экономист болудың қажеті жоқ. Ең бас-тысы – өз ақшаңның қайда кетіп жатқанын білу, әр шешімнің салдарын есептеу, күмәнді ұсыныстарға сын көзбен қарау және болашаққа қаражат қалдыруды әдетке айналдыру.

Ақшаны көп табу – бір бөлек. Оны ұстап қалу, орынды жұмсау және көбейту – мүлде басқа қабілет. Ал осы қабілетті қалыптастыратын ең сенімді құралдың бірі – қаржылық сауаттылық.

Жайна МАНСУР

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT