Қамысқала республика чемпионы

 

Астана қаласында футзалдан әуесқойлар арасында Қазақстан Республикасының X біріншілігі өтіп, елдің түкпір-түкпірінен жиналған командалар өзара мықтыны анықтады. Дүбірлі додаға барлығы 80 команда қатысып, тартысты ойындар жанкүйерлерге ерекше әсер сыйлады.

Аталмыш турнирде аудан намысын республикалық деңгейде қорғаған қамысқалалық аяқдопшылар жоғары нәтиже көрсетіп, “Күміс кубогының” жеңімпазы атанды. Финалдық кездесуде жерлестеріміз астаналық “Red Machine” командасымен жолығып, тартысты матч өткізді. Негізгі уақыт 1:1 есебімен тең аяқталып, ойын тағдыры пенальти сериясында шешілді. Сынақ сәтте қамысқалалық спортшылардың мерейі үстем болып, қарсыластарынан басым түсті.

Айта кетейік, әр облыстан үздік деп танылған 5 командадан қатысқан бұл турнирге “Қамысқала” командасы облыстық футзал жарысында топ жарып, жолдама алған болатын. 80 команданың ішінен суырылып шыққан жерлестеріміз жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетіп, жанкүйерлер сенімін ақтады. Команда жетекшілерінің бірі әрі жанашыры Ринат Есқали бұл жеңісті тек команданың ғана емес, қолдау көрсеткен барша жанкүйердің ортақ жетістігі екенін атап өтті.

“Бұл жеңіс – тек алаңға шыққан жігіттердің ғана емес, бізге сенім артқан барша ауыл тұрғындарының, жанкүйерлердің жеңісі. Командадағы әр ойыншы бар күшін салып, намысты қолдан бермеуге тырысты. Осындай үлкен турнирде топ жарып, ауылымыздың атын шығарғанымызға қуаныштымыз. Бізге қолдау көрсеткен әрбір азаматқа алғысымыз шексіз”, – деді Ринат Есқали.

Сонымен қатар команда атынан ұйымдастыру мәселелеріне көмектескен аудан әкімдігіне, сондай-ақ жарысқа баруға және дайындық жұмыстарына қаржылай қолдау білдірген жергілікті шаруагерлер мен кәсіпкерлерге, ауыл азаматтарына, ерекше алғыс білдірілді. Олардың қолдауы мен сенімі спортшыларға үлкен жігер бергені анық.

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕН 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT