Бүгін Қамысқала ауылдық округінің орталығында Амал мерекесіне орай ерекше думанды шара ұйымдастырылды. Ауыл тұрғындарының өз қолдарымен дайындаған қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдарынан жәрмеңке өтіп жатыр. Бұл шара ауылдағы мерекелік көңіл-күйді арттырып, тұрғындарды бір алаңға жинады.
Жәрмеңкеге келген жұртшылық дастарқан жайып, бауырсақ, құрт, ірімшік секілді ұлттық тағамдар ұсынып, қонақтарға ақ ауыз тигізуде. Шебер қолды ауыл аналары мен қыз-келіншектер дайындаған түрлі қолөнер бұйымдары да көпшіліктің назарын аударуда. Мұндай игі бастама ауыл тұрғындарының бірлігі мен ынтымағын айқындай түседі.
Бүгінгі күннің тағы бір ерекшелігі – еліміздегі маңызды саяси науқанмен тұспа-тұс келуі. Референдумға дауыс беруге келген ауыл адамдары осы жерде бір-бірімен көрісіп, Амал мерекесінің дәстүріне сай амандық сұрасып, ақ тілектерін арнауда. Көпшілік ыстық бауырсақтан дәм татып, ақтан ауыз тиіп, көтеріңкі көңіл-күйде мерекені бірге қарсы алуда.
Көктемнің шуақты күні де мерекелік көңіл-күйді одан әрі ажарландыра түскендей. Ауа райы да көктемге тән жылы шырайын танытып, ауыл орталығы шаттық пен берекеге толы сәттердің куәсіне айналды.
Ежелден жалғасқан Амал мерекесі – адамдарды жақындастырып, татулық пен сыйластықты дәріптейтін тағылымы мол дәстүр. Қамысқала ауылындағы бүгінгі шара осы ұлттық құндылықтардың мәнін айшықтап, ауыл тұрғындарының ауызбіршілігін тағы бір мәрте көрсетті.

