Қамысқалада бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

 

Жұмыссыздықпен күрестің құрғақ статистикадан гөрі нақты мүмкіндіктерге ұласатын алаңы бар. Ол – жұмыс іздеуші мен жұмыс берушіні тікелей тоғыстыратын, тағдырлар түйісетін жәрмеңке. Ауданда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі бұл жолы әдеттегідей ғимарат ішінде емес, Қамысқала ауылдық мәдениет үйінің алдындағы ашық алаңда ұйымдастырылды. Ашық кеңістікте өткен шара жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерді еркін жүздестірген тиімді алаңға айналды.  Аудандық Мансап орталығы ұйытқы болған шараның басты мақсаты – тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып, жұмыссыздық деңгейін төмендету ғана емес, әр азаматқа өз орнын табуға мүмкіндік беру.

Жәрмеңкеге қоғамның әртүрлі санатындағы азаматтар – аз қамтылған отбасылар, борышкерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, пробация есебінде тұрған тұлғалар және мектеп бітіруші түлектер қатысты. Бұл – шараның тек жұмыс ұсынумен шектелмей, әлеуметтік қолдауды да қамтитынын аңғартады. Жалпы саны 21 мекеме қатысқан жәрмеңкеде 74 бос жұмыс орны ұсынылды. Олардың қатарында өндіріс, құрылыс, қызмет көрсету, білім беру және құқық қорғау салалары бар. Атап айтқанда, «Батыр-Секьюрити», SINOPEC Engineering, «ENGINEERING SERVICES PROVIDER», «KZF Service», «СтамГазСтрой», «Caspian Offshore Construction Realty», «FSSA», «Тархан Групп», «Полимер Прадакшн», «Akzhayik Avtopark», «Силлено», «Даларо Оверсиз Лимитед», «Нефтестройсервис ЛТД», «Теназ Менеджмент», сондай-ақ аудандық полиция бөлімі, білім беру ұйымдары мен шекара қызметі сынды мекемелер нақты жұмыс орындарын ұсынды. Нәтижесінде 32 азамат өз түйіндемесін тапсырып, жұмыс берушілермен бетпе-бет сұхбаттасу мүмкіндігіне ие болды. Жәрмеңке барысында Мансап орталығының мамандары тұрғындарға кеңес беріп, еңбек нарығындағы сұранысқа сай бағыт-бағдар көрсетті. Қатысушылар үшін бұл тек бос жұмыс орындарының тізімі емес, өз болашағына жасалған нақты қадам болды.

Жәрмеңкеге келгендердің арасында зейнет жасына шықса да еңбекке деген құлшынысын жоғалтпаған азаматтар да болды. Атын атауды қаламаған қамысқалалық зейнеткер бұл шараның ауыл тұрғындары үшін тиімділігін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, жәрмеңке уақытты үнемдеп, жұмысқа орналасу үдерісін жеңілдетеді.

– Мамандар барлығын түсіндіріп, бағыт-бағдар берді. Мен зейнеткер болсам да, бұл жәрмеңке өтетінін естіп, арнайы жұмыс іздеп келдім. Жасыма сай келетін жұмыс та табылды. Түйіндемемді қалдырып, мамандармен сөйлестім. Бұған дейін ауылда сантехник болып еңбек еттім. Зейнетке шықтым деп қол қусырып отырғым келмейді. Күш-қуат барда еңбек еткен дұрыс,-дейді ол.

Бұл пікір жәрмеңкенің тек жастарға ғана емес, өмірлік тәжірибесі мол аға буын үшін де жаңа мүмкіндік алаңына айналғанын аңғартады. Жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы ашық байланыс – нәтижелі жұмыспен қамтудың басты кепілі. Мұндай іс-шаралар еңбек нарығындағы белсенділікті арттырып қана қоймай, азаматтардың әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуге де ықпал етеді. Жәрмеңке барысында үміткерлер бос жұмыс орындары туралы нақты ақпарат ала алды. Әрбір үміткер өз мамандығына сәйкес бағыт-бағдар алып, түйіндемелерін тікелей компания өкілдеріне табыстады. 

 

Жұлдыз СЕМБИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT