Атырау облысындағы Исатай ауданының аумағынан жалпы ұзындығы 222 шақырымнан асатын 4 ірі су каналы өтеді. Олар: Нарын, Бақсай, Сборный, Кобяково-Забурын. Бұдан бөлек, өңірде бастауын аталған арналардан алатын , ұзындығы 107 шақырымды құрайтын 5 шағын канал (Қызыл үй, Есіркеп, Жасқайрат, Ақай, Марташи) бар. Осылардың ішінен Қызыл үй каналы ғана коммуналдық меншікте болса, қалғандары «Табиғат» КМК-ның теңгерімінде.
Исатай аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дидар Есмұхановтың айтуынша, қолданыстағы суару-суландыру жүйелерін суға толтыру мақсатында ауылдық округ әкімдіктері «Табиғат» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнымен көрсеткен қызметі үшін 243 млн. теңгеге келісім-шартқа отырған. Оның 9 млн. теңгесін үнемдеуге қол жеткізілген. Өткен жылы аудан бойынша тоғыз шаруа қожалығы сумен жабдықтаушы кәсіпорын келісім-шарт жасасып, қысқа қажетті мал азығын дайындау жұмыстарын жүргізген.
– Арналар үнемі суға толып тұру үшін олардың бойында мелиоративтік жұмыстарды жүргізудің де маңызы зор. Осылайша, былтыр Нарын мен Бақсай каналдарының бойындағы жалдар көтеріліп, құммен бітелген тұстары топырақтан тазартылды. Осындай шаралар Аққыстау ауылы, Қаратүбек, Ақкөпір елдімекендерінің тұстары мен Сарыазбан және Тасоба көпірлерінің маңында жалғасын тапты. Басқа каналдарда да арналарын қалпына келтіру жұмыстары атқарылып, барлығы 30 шақырымға тарта аумақты қамтыды. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасып, шаруалардың алаңсыз тірлігіне қолайлы жағдай жасалатын болады, — деп сабақтады сөзін салалық бөлім жетекшісі.
Дәулетқали АРУЕВ
Исатай ауданы

