Қариясы бар елдің...

 

Қазан айының алғашқы күні елімізде Қарттар күні ретінде аталып өтіп келеді. Бұл – қарттарға көрсетілер құрмет пен ілтипаттың белгісі ғана емес, өткенімізді қастерлей білуге, болашағымызды ойлай жүруге үндейтін мән-маңызы терең күн. Осы ретте өткенімізге үңілсек, қазақ халқының сан ғасырлық тарихында қарияға құрмет көрсету ұрпақ тәрбиесінің басты қағидасына айналғанын көреміз. Халқымыздың қалпында елдің бірлігін ойлаған, елдіктің ұйытқысы болған, жөн сөзі жерде қалмаған, ақылы мен кеңесін арттағыға арнаған ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты аналарымыздың орны әрдайым биік болған. Осыдан кейін бұрынғылардан қалған бір даналықта «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» делінуі де бекерден-бекер емесіне көзіміз жете түседі. Қарияларымыз – даусыз даналықтың, өмірлік тәжірибенің, биік адамгершілік пен терең парасаттылықтың қайнар көзі. Елдің ынтымақ-бірлігін сақтауда, жастарына тәлім беруде, әлеуметке әділдікті орнатуда да қариялардың орны ерекше. Сондықтан қариясы бар ел тарихын жоғалтпайтыны, салт-дәстүрін сақтайтыны, болашаққа дұрыс бағдар табатыны ақиқат жайтқа айналған.

Иә, қариясы бар елдің қазынасы мол, бірлігі бекем, ынтымағы ырысты, тәрбиесі тәлімді, тірлігі өнегелі. Мұны айтқанда, Сағи ақынның «Ауыл қарттары» өлеңіндегі «Дүниеге келер бір рет, Дария-кеуде, тау-мүсін. Құрыштан құйған құдірет – Қарттарым аман-саумысың? Өздерің болсаң жанымда, Ел іші жомарт, еңселі. Дән исі жүрген қанында Даламның бір-бір бөлшегі...» деген жолдар ойға оралып, көңіл тербейді.  Ауданның ауыл-ауылдарындағы жасы үлкен қарияларды да ойша санамалап көретініміз рас. Бұндайда біздің жүгінеріміз аудандық ардагерлер кеңесінің берген деректері ғой. 

 

 

Сол деректерде көрініс бергендей, қазіргі күні батыр баба атын алған ауданымыздағы ең жасы үлкен көнекөзіміз Тұщықұдық ауылында тұратын көпбалалы ана Махуза Ерғалиева екен. Бұдан ғасырға жуық уақыт бұрын, яғни 1928 жылдың 1 маусымында дүниеге келген ол кісі биыл 98 жасқа толып отыр. Ері Сәлен өмірден озған кейуана ұл-қыздарының, олардан өрген немере-жиендері мен шөберелерінің ортасында бақытты, бақуатты тірлік кешуде. Ал ол кісіге жетеқабыл жасқа жетіп отырған исатайлық Әли Азербаев (суретте) пен жанбайлық Есенгерей Тілепқалиевтің екеуі де 96-да, екеуі де тыл ардагері ретінде кейінгі ұрпаққа айтары мол аға буын өкілдері. 1930 жылдың 5 мамырында қазіргі Зинеден ауылдық округіне қарасты Амангелді елді мекенінде өмірге келген Әли ақсақал ғасырға жуық ғұмыр кешсе де санасы сергек, көргені мен түйгенін ойда ұстаған, көкірегі шежіреге толы, айналасына шуақ шашып отыратын жан. Ал өткен жылы «Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 80 жыл» мерекелік медалін кеудесіне таққан Есенгерей қарт 1930 жылдың 1 маусымында өмірге келіпті. Қазіргі бейбіт күнге мың мәрте шүкіршілік етіп, зұлматты соғыс сияқты ауыртпалықтарды кейінгі ұрпақтың басына бермегей, ел-жұртымыз тыныш болғай деп тілек етіп отырады екен. Бір жылы туған тұщықұдықтық Шарипа Зиманова, Раш Есқалиева, Охиза Сидеғалиева, Тояш Беркалиева, аққыстаулықтар Жаңылсын Дукенова, Жаңылхан Қыдыралина - биыл 94 жасқа аяқ басқан ақ жаулықты аналар. Сонауғы бір ұжымшарларды, кейінгі кеңшарлар құрылымдарын да көріп, елге елеулі еңбек еткен олардың бірі мал шаруашылығында, бірі білім беру ісінде, бірі құрылыс саласында тер төккен жандар. Бәрінің де тілегі біреу, ол – ұрпақтың, елдің амандығы. Сондай-ақ биыл Зинеден, Қамысқала, Тұщықұдық ауылдарында 2-ден, Исатай ауылында – 3, Аққыстау ауылдық округінде 4 адам торқалы 90 жасқа толған. 

Тарихи деректерде де қазақ қоғамында қариялар жас буынға жол көрсетумен бірге елдің тыныштығы мен болашағы үшін ақылын аямай, қажет кезінде кеңес те беріп отырғаны жиі кездеседі. Мұндай өнеге – бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан ұлттық дәстүрдің алтын арқауына айналған деуге келеді. Жалпы, «Ауылыңда қартың болса, жазылып қойған хатпен тең» демекші, қарияларымыздың кейінгіге келісті кеңесі, айтар ақылы, өрісті өнегесі, тағылымды тәлімі, үйретер үлгісі аз болмаған. Оған мысалдар да жетерлік. Қазіргі біз үшін сол қариялардың басынан өткендерін елеп-екшей жеткізе білуінің өзі бір сабақ. Әрине, оның бәрі өнегелік тұрғыда өріс тауып жататыны қуантады. Мәселен, жоғарыда биыл 96 жасына толып отырғаны айтылған Әли Азербаев сондай айтары бар ақсақалдардың бірі. Бір кездері алғашқы еңбек жолын өзі кіндігін кескен елді мекендегі Амангелді атындағы ұжымдық шаруашылықта балықшылықтан бастап, кейін облыс аумағындағы мұнай барлау мекемелерінде әртүрлі қызметтер атқарып, 1978 жылы теміржол саласына ауысып, ұзақ жылдар бойына Исатай стансасындағы теміржолдың су тарату қондырғысында шебер болып қызмет қылған қарияның өмірден көргені, ойына түйгені көп. 

– Ауылдағы су тарату қондырғысында шебер болып қызмет етіп жүргенімде қарауымда 5-6 қызметкерім болды. Теміржол бойындағы желімен келген ауыз суды тазартып, халыққа береміз. Бір жылы жоғарыдағы басшыларымыз желіге есептегіш құрал орнатып, «тұрғын үйлерге суды сатып беріңдер» деген талап қойды. Кеңес үкіметінің кезі, оның үстіне бұл ауыл туған мекеніміз болғандықтан жұрттың бәрі таныс. Енді оларға суды қалай сатамыз деп ойланып қалдық. Шынын айтқанда, суды сатуға ұялдық. Сөйтіп, ойлана келе, оның шешімін былай таптық. Ол кезде бізден мұнай барлау мекемелері су алатын. Олардың басшыларына арнайылап шығып келісіп, халық пайдаланған суды да солардың есебіне жазып отырдым,-дейді Әлекең. 

Қарияның айтуынша, жетпісінші жылдардың аяқ шенінде Исатай ауылы тұсынан «Мақат-Солтүстік Кавказ» газ құбыры жүргізіле бастайды. Сол жұмыспен айналысып жатқан құрылыс-монтаж учаскесі Әлекеңдердің су тарату қондырғысынан қажетіне су алып тұрады ғой. Әлекең болса олардың прорабымен танысып, кейін дос болып кетулі. Бірінде сол досы жүргізіліп жатқан газ желісі бойынан жоба бойынша Аққыстау мен Ганюшкино ауылдарына ғана задвижка қалдырылғанын, ол жобаға Исатай ауылының енбей қалғанын айтады. «Ертең ауылға газ тартылатын болса ол қиындық келтіреді ғой» дейді ол. «Сенің қандай көмегің бар?» деген мұның сауалына досы: «Жобалау құжатын өзгерте алмаймын. Жақында Москвадан үлкен басшымыз келеді, соған жолығып көр» дейді. 

Көп уақыт өтпей айтқан басшысы да келгенінен хабардар болған Әлекең ақыры әлгі мәскеулік басшыға арнайы барып жолығып, арада екі-үш күн өткенде ауыл үшін керек болатын задвижканың қондырылуына қол жеткізеді. Бүгінде сол шүмектен Исатай мен Зинеден ауылдарына табиғи газ желісі тартылып, халық оның игілігін көріп отыр екен.          

Қазіргі таңда да қарттарымыздың әрбір сөзі – тарих, әрбір ісі – өнеге десек, ақсақалдың жоғарыда баян еткен жайттары, яғни ауылына, ауылдастарына қылған жанашырлық істері бүгінгі жасқа да үлгі, өнеге деуге болады. Ал оны мақтаныш үшін емес, жастарға үлгі ретінде баян етіп отырған ақсақалға іштей риза да боласың. Осы ретте Қарттар күні тарих қойнауына көз жіберіп, ұрпақ сабақтастығының маңызын түсінуге жетелейтінін де терең ұғына түсердейсің. Бүгінгі жас-тар ата-баба салтын сақтаумен қатар үлкенді құрметтеп, олардың аманатын жалғастыруы қажет. «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» деген халық даналығы да осыны меңзейді.

Бүгінгі Қазақстанда қарияларымыз – тәуелсіздіктің шежіресін жасаған ардагерлер. Олар еңбек майданында елдің дамуына үлес қосты, қиын-қыстау заманда ұрпақ тәрбиеледі. Біздің бейбіт өміріміз бен тәуелсіздігіміз – бір кездегі жалындаған жас, қазіргі бір-бір үйдің тіреуіне, ақылшысына айналған қарттарымыздың қажырлы еңбегінің, төккен тері мен төзімінің жемісі.

Халқымызда қарттар елдің шежіресі, ұрпақтың рухани ұстазы ретінде бағаланады. Олардың елге береке, жас ұрпаққа қуат тілеген бата-тілегінің өзі қымбат. Елдің өткені мен бүгінгісінің арасын жалғастыруға тиек болып, ұрпақ сабақтастығының алтын тініне айналған қарияларымыз аман-сау болғай! 

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT